"Барыс" ҚХЛ-да соққан шайбалар саны бойынша жеке рекордын жаңартты

"Барыс" ҚХЛ-да соққан шайбалар саны бойынша жеке рекордын жаңартты
Фото: "Барыс" ХК

"Барыс" хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) бір маусымында соққан шайбалары бойынша жеке рекордын жаңартты.

Елордалық команда кеше Астанада Қытайдың "Куньлунь" командасын 3:1 есебімен ұтты. Ойында Павел Акользин дубль жасаса, бір шайбаны Роман Старченко соқты.

"Барыстың" осы маусымда соққан шайбалар саны 185-ке жетті. Осыған дейін бір маусымда соққан шайбалары 182 болған еді (2013/2014 ж. маусым). Фин бапкері Ари-Пекки Селин жаттықтырған сол тұста команда Чернышев дивизионы жеңімпазы атанған болатын. Шығыс конференцияда екінші орын алған-ды. Ал плей-оффтағы бірінші кезеңнен өтіп, екінші кезеңде жарысты аяқтаған еді.

"Барыстың" ҚХЛ маусымдарында соққан шайбалар саны:

1-ші маусым (2008/09): 56 ойын - 174 шайба;
2-ші маусым: 56 ойын - 169 шайба;
3-ші маусым: 54 ойын - 155 шайба;
4-ші маусым: 54 ойын - 160 шайба;
5-ші маусым: 52 ойын - 175 шайба;
6-шы маусым (2013/2014): 54 ойын - 182 шайба;
7-ші маусым: 60 ойын - 170 шайба;
8-ші маусым: 60 ойын - 167 шайба;
9-шы маусым: 60 ойын - 151 шайба;
10-шы маусым: 56 ойын - 148 шайба.

Қазіргі таңда "Барыс" осы маусымда ең көп шайба соққан командалар қатарында екінші орында келеді. Бірінші орында - Санкт-Петербургтің СКА командасы. Олар осы маусымда 193 шайба соғып үлгерді.

Ө. Сансызбай