"Bishkek Open" турнирінде қазақстандық жас спортшылар үздік нәтиже көрсетті

"Bishkek Open" турнирінде қазақстандық жас спортшылар үздік нәтиже көрсетті
Фото: Назерке Еркінбек

Қырғыз елінің астанасы Бішкекте IBJJF ережесі бойынша "GI  және NOGI" джиу-джитсу күресінен  "Bishkek Open"  атты   халықаралық  турнир өтті. Турнирге ТМД елдерінен,  Қазақстаннан біршама спорт командалары қатысты. Соның ішінде 2015 жылы ашылған "Sagadat Batyr-QTT" спорт клубының  28 спортшысы қатысып,  үздік нәтижелерге қол жеткізді.

Джиу-джитсудан әлем чемпионы Жібек Құлымбетова кешегі өткен жарыста кезекті рет жеңіс тұғырынан көрінді. Ол 2017 жылы Қырғызстан Республикасы Ош қаласында өткен "Alay Open" турнирінде қырғыз баласымен күресіп, чемпион атанған болатын. Араға екі жыл салып сол қарсыласымен тағы да кездесті.  Қырғыз баласының бапкерінің айтуынша  шәкірті екінші жекпе-жекке қызу дайындықпен келген көрінеді. Дегенмен Жібек намысты қолдан бермеді. 32 келі салмақта 12 жастағы қырғыз баласын жеңіп, тағы да чемпион атанды.

"Sagadat Batyr-QTT" спорт клубының спортшыларының тәжірибесіне "Bishkek Open" халықаралық турнирінің ұйымдастырушылары, қырғыз спортшылары таңдай қақты.

- Турнирді ұйымдастырмас бұрын мен Нұрсұлтан Орынбасаровпен ақылдасып, осындай халықаралық турнир ұйымдастырсақ қалай деп ұсыныс тастаған болатынмын. Ұсынысымды көп ойланбастан мақұлдады. Қазақ спортшыларының өте мықты екендігін бүгінгі жарыстан байқалып- ақ тұр. "Sagadat Batyr-QTT" спорт клубының джитсерлері бірінен-бірі өткен мықтылар екен. Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын - деді джиу-джитсудан Қырғызстан Республикасы федерациясының президенті Самарбек Сабыржан.

Аталмыш  халықаралық турнирде "Sagadat Batyr-QTT" спорт клубының спортшылары "GI" және "NO GI" бойынша 21 алтын медальді қанжығасына байлады.  Салимов Таймас, Құлымбетова Жібек, Жаманбай Бекжан, Утегенова Зере, Салимова Малика, Жаманбай Бекзат, Елдосқызы Ботагөз, Жұмаділ Елжан, Қайырбеков Рүстем,  Жаманбай Бекжан, Серікжан Ералы, Расулов Заман, "GI" бойынша бірінші орынды иеленді. Ал Айдынғали Еламан, Жаманбай Бекзат, Жаманбай Алихан,  Айтмурат Айдос, Салимов Адиль,  Калкожаев Жахангер, Акылбеков Алан, Куанбек Ерасыл 2-3-ші орындарға жайғасты.

Джиу-джитсу "NO GI" күресі бойынша Құлымбетова Жібек, Мадами Бексұлтан, Жаманбай Бекзат, Жаманбай Бекжан, Утегенова Зере, Салимова Малика, Жаманбай Бекзат, Елдосқызы Ботагөз, Жаманбай Бекжан өздерінің нағыз чемпион екендерін дәлелдеп, халықаралық турнирде алтын медаль тақты. Сондай-ақ  күрестің бұл түрінен  Қанайбеков Диас, Үсен Айбек, Қалқожаев Жахангер, Қайырбеков Рүстем, Айтмурат Айдос, Салимов Адиль, Калкожаев Жахангер, Акылбеков Алан, Куанбек Ерасыл күміс және қола медальдармен қуантты.

- Бұл  біз  үшін  үлкен  тәжірибе болды. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қырғыз спортшыларының дайындығы осал емес екен. Дегенмен біздің команданың джитсерлері басым түсті деп айта аламын. Шәкірттерімді жетістіктерімен құттықтаймын. Алда болатын жарыстарда бұдан да биік жетістікке жететіндеріне сенімдімін - дейді Нұрсұлтан Орынбасаров.

Қазіргі таңда "Sagadat Batyr-QTT" спорт клубы  алдағы жарыстарға қызу дайындық үстінде. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Назерке Еркебаева

Ө. Сансызбай