Жәнібек Әлімханұлы әлемдік рейтингте 66 саты жоғарылады

Жәнібек Әлімханұлы әлемдік рейтингте 66 саты жоғарылады
Фото: Top Rank

Орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (5-0, 2 КО) кезекті жеңісінен кейін әлемдік рейтингте (boxrec) 66 саты жоғарылап, үздік 100 боксшының қатарына қосылды.

25 жастағы отандасымыз кеше Техас штатына қарасты Фриско қаласында өткен бокс кешінде америкалық боксшы Стивен Мартинеспен (18-5, 13 КО) жұдырықтасқан болатын. Қарсыласын 5 раундта техникалық нокаутпен ұтқан. Нәтижесінде Жәнібек BoxRec рейтигінде 84-орынға көтерілді.

Орта салмақтағы рейтингтің көшбасшысы - мексикалық Сауль "Канело" Альварес. Одан кейінгі орында Геннадий Головкин келеді.

Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-ғы үшінші жекпе-жегін өткізді. Оған дейін елімізде екі кездесу өткізген. Барлық жекпе-жектерінде қарсыластарын айқын жеңіп келеді. Әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан тұңғыш қазақ. Әуесқой бокста Азия және Азия ойындарының жеңімпазы. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Ө. Сансызбай