Ресейдегі этникалық қазақ Дамирдің UFC-гі екінші қарсыласы анықталды

Ресейдегі этникалық қазақ Дамирдің UFC-гі екінші қарсыласы анықталды
Фото: instagram.com

Жеңіл салмақта аралас жекпе-жек шебері, Ресейдегі этникалық қазақ Дамир Исмагулов UFC ұйымы аясындағы екінші жекпе-жегін 23 ақпан күні өткізеді. Прагада өтетін турнирде испандық спортшы Джоэль Альварезпен кездеседі.

Келесі қарсыласы жайлы Дамир Исмагулов instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

- 23 ақпан күні Прагада кездесетін қарсыласым испандық Джоэль Альварез. Бойшаң спортшы қылқындыру әдісінің хас шебері. 15 жекпе-жегінің барлығында уақытынан бұрын жеңіске жеткен. Маған және менің командама жақсы бір сынақ болмақ. Барымызды саламыз, - деп жазды спортшы.

Айта кетейік, Дамир Исмагулов UFC ұйымы аясындағы алғашқы жекпе-жегін 2 желтоқсан күні Аустралияда өткізіп, жергілікті спортшы Алекс Горджесті төрешілер шешімі бойынша айқын ұтып шыққан болатын. Беделді ұйым турнирінде жеңіске жеткен алғашқы қаны қазақ спортшы.

Ресейдегі этникалық қазақтың келесі қарсыласы Джоэль Альварез 1993 жылы дүниеге келген. Аралас жекпе-жектегі кәсіби мансабын 2013 жылы бастаған. "Феномен" атты лақап атпен жекпе-жек өткізіп келеді. 15 рет жеңіске жетіп, 1 рет ұтылған. 14 рет қарсыласын тұншықтыру арқылы ұтқан.

Ө. Сансызбай