Қазақстан суперкубогы ойыны Алматыда өтеді

Қазақстан суперкубогы ойыны Алматыда өтеді
Фото: sxodim.com

Футболдан 2019 жылғы Қазақстан суперкубогы ойыны Алматыда өтетін болды. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ресми сайты хабарлады.

- Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы 2019 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Суперкубогы үшін өтетін матчты қабылдайтын стадионды таңдағанын хабарлайды.

Осы уақытқа дейін Лига мүшелеріне маусымның алғашқы ойынын өз ареналарында өткізуге ұсыныс тасталған болатын. Басты талап – шараны ұйымдастырудағы ережелерді қатаң сақтау. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасына "Астана" және "Қайрат" футбол клубтарынан екі ұсыныс түсті.

Қабылданған өтініштердің қорытындысы бойынша матчты Алматыда өткізу туралы шешім жасалды, - деп жазылған ресми хабарламада.

2019 жылғы Қазақстан премьер-лигасының ресми добы

2018 жылғы маусымда ел чемпионы атанған "Астана" мен ҚР кубогын ұтқан "Қайрат" арасындағы кездесу 3 наурызға жоспарланған.

Ө. Сансызбай