"Астанадан" Ресей клубына ауысқан футболшы алғашқы жаттығуына қатысты

"Астанадан" Ресей клубына ауысқан футболшы алғашқы жаттығуына қатысты
Фото: "Ростов" ФК

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов Ресейдің "Ростов" клубына ауысқан болатын. Футболшы жаңа команда сапындағы алғашқы жаттығуына да қатысып үлгерді.

Қазақстандық ойыншының өз қатарларына қосылғанын ресейлік клуб 12 қаңтар күні хабарлаған. Келісімшарт туралы нақты ақпараттар жариялаған жоқ. Ал "Астана" клубы тарапы Бахтиердің ресейлік клубқа өзі ауысқысы келгенін мәлімдеді.

Жартылай қорғаушы "Ростов" сапындағы алғашқы ойынын бүгін өткізіп қалуы да мүмкін. Ресейлік клуб Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде "Атыраумен" жолдастық кездесу өткізеді.

Бахтиер Зайнутдинов - Жамбыл футбол мектебінің түлегі. 2014-2016 жылдар аралығында "Тараздың" жастар құрамында ойнаған. Ел премьер-лигасына 2017 жылдың наурыз айынан бастап қатыса бастады. "Тараз" сапында 27 ойынға қатысып, 7 гол соқты.

Футболшы 2018 жылы "Астанаға" ауысты. Елордалық клуб сапында ел чемпионы атанды. 27 ойында 5 гол соқты. Ұлттық құрамаға шақырту алып, Ұлттар лигасында 6 ойынға шықты, 1 гол соқты.

"Ростов" Ресей премьер-лигасында 24 ұпаймен 7-орында келеді.

Ө. Сансызбай