2017 жылғы "Қазақстан барысы" допинг дауына ілікті

Қазақстандық дзюдошы, қазақ күресінен 2017 жылғы "Қазақстан барысы" Еламан Ерғалиев допинг дауына ілікті, - деп хабарлайды vesti.kz сайты.

Спортшы антидопинг ережесін бұзғаны үшін жарыстардан ұзақ уақытқа шеттетілуі мүмкін. Ақпаратты Ұлттық антидопинг орталығы растаған.

Еламан Ерғалиевтің қараша айындағы Қазақстан чемпионаты кезінде тапсырған допинг сынамасынан тыйым салынған зат табылған. Дзюдодан Астанада өткен сол жарыста спортшы 100 келіден жоғары салмақтағы финалда Ерасыл Қажыбаевқа жол беріп, күміс алған болатын.

Балуан 2017 жылғы "Қазақстан барысында" қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанған еді. Алтын белбеу мен "Тайтұяқты", сондай-ақ 25 миллион теңге сыйақы еншілеген-ді. Кейіннен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев спортшыға екі бөлмелі пәтер сыйлаған.

Айта кетейік, биыл допинг дауына іліккен қазақстандық спортшылардың қарасы көп. Кей деректер бойынша биыл антидопинг ережесін 36 спортшы бұзған. Бұл дегеніміз - антирекордтық көрсеткіш.