Қазақ боксшылары Мәскеуде қарсыластарына мықтылығын мойындатты

Қазақ боксшылары Мәскеуде қарсыластарына мықтылығын мойындатты
Фото: vesti.kz, google.kz

Мәскеуде өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақ елінің атынан шаршы алаңға шыққан спортшылар шашасына шаң жұқтырмады. Қарсыластарына мықтылығын мойындатып, жанкүйерлерді қуантты. Ал Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаевтың жеңісі бір бөлек. Олар өз салмағында чемпиондық белбеу тағынды.

Айдостың айы оңынан туды

Екінші орта салмақта жұдырықтасатын қазақ боксшысы WBO Global чемпиондық атағын жеңіп алды. Бельгиялық Илияс Ачергимен 10 раундқа жоспарланған жекпе-жек 4 раундта аяқталды. Бұл раундта Айдос нокдаун да алып қалды. Алайда қарсыласы иығынан алған жарақатына байланысты 5 раундқа шықпады. Оған дейінгі ұпай айырмасы бойынша алда тұрған Айдос жеңімпаз атанды.

27 жастағы қазақ спортшысы кәсіпқой бокс шаршы алаңында жеңіліп көрмеген. 10 жекпе-жегінде де жеңіске жетті. Сондай-ақ алғаш рет Ресейде кездесу өткізді. Осыған дейін Украина мен АҚШ-ғы бокс кештерінде жұдырықтасқан.

WBO Global чемпиондық белбеуі желтоқсан айында пайда болған атақтардың бірі. Алғашқы чемпионы жартылай салмақтағы неміс боксшысы Себастьян Формелла (20-0, 10 КО). Ұйым чемпиондық белбеулерін ары қарай қалай қорғайтыны жайлы ақпарат таратқан жоқ.

Жаңабаевтың жаңа қыры

Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын Нұрсұлтан Жаңабаев та Мәскеуден чемпиондық белбеу тағынып қайтатын болды. Ол филиппиндік Арней Тинампаяны жеңіп, WBC Asia аймақтық белбеуді жеңіп алды.

Қазақстандық боксшы алғаш рет чемпиондық атақ үшін жұдырықтасты. 10 раундқа жоспарланған жекпе-жек соңына дейін жалғасып, жеңімпазды төрешілер анықтады. Нұрсұлтан ұпай айырмасы бойынша жеңіске жетті.

Филиппиндік Арней Тинампая ұзақ жылдар бойы әйгілі боксшы Мэнни Пакьяоның спарринг қарсыласы болған.

Алғашқы қадамын сәтті бастады

Қазақстандық боксшы Константин Брусенский кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Ресейлік Дагир Качакаевты екінші раундта нокаутпен жеңді.

Жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған болатын. 2 раундтан кейін қарсыласы кездесуді жалғастырмады.

Али қарсыласына адым аштырмады

Бірінші ауыр салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Али Балоев нигериялық Афинни Абиодунаны айқын ұтты. Сегізінші раундта қарсыласын нокаутқа түсіріп, жарқын жеңіске жетті.

Али Балоев кәсіпқой бокстағы мансабын 2017 жылдың наурыз айында бастады. Одан бергі аралықта 8 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетіп келеді.

Ө. Сансызбай