Бейбіт Назаров Алматыдағы турнирдің басты жекпе-жегінде жеңіліп қалды

Бейбіт Назаров Алматыдағы турнирдің басты жекпе-жегінде жеңіліп қалды

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бейбіт Назаров жеңіл салмақта Titan FC уақытша чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жекте жеңіліп қалды. Алматыда өткен турнирдің басты жекпе-жегінде отандасымыз америкалық Мартин Браунға мықтылығын мойындата алмады.

Titan FC 51 турниріндегі Бейбіт пен Мартин арасындағы шайқасты жанкүйерлер асыға күткен. Жекпе-жек жоспарланған 5 раунд бойы өтіп, америкалық спортшы ұпайы айырмасы бойынша жеңіске жетті. Сондай-ақ тыйым салынған ереже бойынша соққы жасаған қарсыласы бір ұпайдан да қағылды. Алайда бұл оның жеңіске жетуіне кедергі болған жоқ.

31 жастағы қазақстандық спортшы Shergod статистикасы бойынша мансабында төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Ал 34 жастағы Мартин Браун болса 13-ші жеңісін тойлады. Ол 5 рет жеңілген.

Мартин 2014 жылы UFC-ден кейінгі ұйым саналатын Bellator-да бақ сынап, екі жекпе-жек өткізген. Кейіннен мансабында екіжылдық үзіліс болған.

"Алматы Аренада" өткен Titan FC 51 турнирі қазақ спортшылары үшін сәтті болмады. Бейбіттен өзге Қазбек Әшімов те америкалық Хуан Пуэртеден жеңіліп, чемпиондық атақты иелене алмады. Айбек Нұрсейіт бразилиялық Герберт Бернстен басым түсе алмады.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар