Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аяқталды

Футболдан Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аяқталды
Фото: uefa.com

Футболдан Еуропаның басты бәсекесі саналатын 2018/2019 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аяқталды. 1/8 финалға шыққан 16 команда белгілі болды.

Соңғы жолдаманы Францияның "Лион" командасы еншіледі. Киевте Шахтермен тең ойнаған (1:1) команда жарысты жалғастырады. Ал украиналық клуб Еуропа лигасында бақ сынайды.

"Е" тобы

Топтық кезеңде бірде-бір ұпай алмаған жалғыз команда - АЕК. Грек ұжымы топтағы соңғы ойында да жеңілістің кермек дәмін татты. Лиссабонда "Бенфикаға" 1:0 есебімен есе жіберді. Португалдық клуб Еуропа лигасына қатысады. Ал плей-оффқа ерте шыққан "Аякс" пен "Бавария" 3:3 есебімен тең ойнады.

"Аякс" (Нидерланд) - "Бавария" (Германия) – 3:3
Гол соққандар: Душан Тадич, 61, 81 (пен), Николас Тальяфико, 90+5 - Роберт Левандовски, 13, 86 (пен), Кингсли Коман, 90
Алаңнан қуылды:  Максимилиан Вебер, 67 – Томас Мюллер, 75

"Бенфика" (Португалия) - АЕК (Грекия) - 1:0
Гол соққан: Алекс Гримальдо, 88
Алаңнан қуылды: Константинос Галанопулос, 87

"F" тобы

Бұл топтың фавориті Манчестер Сити жүрісінен жаңылған жоқ. Топтағы соңғы ойында Хоффенхаймды 2:1 есебімен ұтты. Лерой Сане дубль жасады. Ал екінші жолдамаға таласқан маңызды ойында "Лионның" асығы алшысынан түсті.

"Манчестер Сити" (Англия) - "Хоффенхайм" (Германия) – 2:1
Гол соққандар: Лерой Сане, 45+1, 61 - Андрей Крамарич, 16 (пен)

"Шахтер" (Украина) - "Лион" (Франция) - 1:1
Гол соққандар: Жуниор Мораес, 22 – Набиль Фекир, 65

"G" тобы

Бұл топтағы жағдай алдын ала белгілі еді. Тек Еуропа лигасына қай команда қатысатыны ғана белгісіз болатын. Алайда соңғы турда аутсайдерлердің айдарынан жел есті. Мәскеудің ЦСКА клубы Мадридте Реалды 3:0 есебімен ойсырата ұтты. Ал өз алаңында "Романы" 2:1 есебімен жеңген "Виктория Пльзен" Еуропа лигасына қосымша көрсеткіштер бойынша шықты.

"Реал" (Испания) – ЦСКА (Ресей) – 0:3
Гол соққандар: Федор Чалов, 37, Георгий Щенников, Арнор Сигурдссон, 73

"Виктория» (Пльзень, Чехия) – "Рома" (Италия) – 2:1
Гол соққандар: Ян Коваржик, 62, Томаш Хори, 72 – Дженгиз Ундер, 67
Алаңнан қуылды: Лука Пеллегрини, 90+2 ("Рома")

"Н" тобы

Бұл топта плей-оффқа шыққан командалар өткен турда-ақ анықталып қойған. Сондықтан да фавориттер соңғы ойынға селқос қарағандай. Себебі биылғы Чемпиондар лигасында фаворит саналып отырған "Ювентус" Швейцарияда "Янг Войздан" ұтылып қалды. Ал "Манчестер Юнайтед" "Валенсияға" есе жіберді.

"Валенсия" (Испания) - «Манчестер Юнайтед» (Англия) - 2:0
Гол соққандар: Карлос Солер, 17, Фил Джонс, 47 (автогол)

"Янг Бойз" (Швейцария) - "Ювентус" (Италия) - 2:1
Гол соққандар: Гийом Оаро, 30 (пен), 68 – Пауло Дибала, 80

1/8 финалдың жеребе тарту рәсімі 17 желтоқсан күні УЕФА-ның Ньон (Швейцария) қаласындағы штаб-пәтерінде өтеді. 

Ө. Сансызбай