"Астана" мен "Қайрат" кейінге шегерілген ойындарда қарсыластарына ұпай ұстатты

"Астана" мен "Қайрат" кейінге шегерілген ойындарда қарсыластарына ұпай ұстатты
Фото: vk.com

"Астана" мен "Қайрат" футбол клубтары ХХІІІ турдың кейінге шегерілген ойынында қарсыластарына ұпай ұстатты. Елордалық команда Қарағандыда "Шахтерға" есе жіберсе, Петропавлда алматылық команда "Қызылжардан" ұтылды.

Футболдан биылғы ел чемпионатында жүлделі орыннан көрінген командалар анықталып үлгерді. "Астана" чемпион атанды. Сондықтан да "кеншілерге" қарсы ойынға жастар құрамын шығарды. Нәтижесінде 3:1 есебімен ұтылды. Алаң иелері сапынан жас ойыншы Оралхан Өміртаев хет-трик жасады. Қонақтардың бір голын Рамазан Кәрімов соқты.

"Шахтер" үшін бұл ойынның маңызы жоғары болды. Себебі 3 ұпай алмаса, премьер-лигадан шығып қалу қаупі артар еді. "Қызылжар" да бүгін ұтпаса, жағдайын қиындатқан болар еді.

"Қайрат" төртінші жыл қатарынан күміс жүлдеге ие болды. Бас жаттықтырушы Карлос Алос Феррермен келісімшартты үзіп, орнына неміс маманы келетінін хабарлады. Өткен турда өз алаңында "Ертіске" есе жіберсе, бүгін "Қызылжардан" 2:1 есебімен ұтылды. Екі ойынға да бас жаттықтырушы қызметін атқарушы Андрей Карпович негізінен қазақстандық ойыншыларды шығарды.

ХХХІІ тур ойындары 3 қараша күні өтеді. Елордада "Астана" мен "Қайрат" кездеседі. Сондай-ақ, "Ертіс" – "Ақжайық",  "Қайсар" – "Жетісу", "Атырау" – "Ақтөбе", "Қызыл-Жар – Ордабасы", "Шахтер" – "Тобыл" командалары арасындағы ойындар өтеді.

Ө. Сансызбай