Қазақстандық баскетболшы қыздар Азия чемпионатына қатысады

Қазақстандық баскетболшы қыздар Азия чемпионатына қатысады
Фото: olympic.kz

Баскетболдан 18 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы 28 қазан мен 3 қараша аралығында Үндістанның Бенгалуру қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады.

Сары құрлықтың басты додасы биыл 25-ші рет жалауын желбіретеді. Ал Қазақстан құрамасы 2007 жылдан бері бақ сынап келеді. 2010 жылы 6-орыннан көрінген. Бұл - қазақстандық баскетболшы қыздардың үздік көрсеткіші.

Биыл баратын ұлттық құрамаға "Ертіс", "Астана Тайгерс", сондай-ақ, Ақтөбе мен Алматы клубтарында сынға түсетін жас баскетболшылар шақырту алған, - деп хабарлайды ҚР ҰОК баспасөз қызметі.

Азия чемпионатында Қазақстан Гонконг, Сирия және Самоамен бірге "В" тобына түскен.

Тағы бір айта кететіні, Үндістандағы Азия чемпионаты 19 жасқа дейінгі қыздар арасында өтетін әлем біріншілігіне іріктеу кезеңі саналады. 

Ө. Сансызбай