Қазақстан жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада жеке рекордын жаңартты

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада жеке рекордын жаңартты
Фото: WordPress.com, aussiedigest.com, buenosaires2018.com, olympic.kz

Аргентина елінің астанасы Буэнос-Айресте ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы ІІІ жазғы Олимпиада ойындары аяқталды. Қазақстаннан барған спортшылар 4 алтын 3 күміс 3 қола медаль еншілеп, ұлттық құраманың медальдар саны бойынша жеке рекордын жаңартты. 

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қолдауымен қолға алынған дода тарихта үшінші рет ұйымдастырылды. Қазақстандық жас өрендер де үшінші рет қатысты. Олай болса, тарихқа бір көз жүгіртсек.

Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары алғаш рет 2010 жылы Сингапурде өтті. Қазақстан құрамасы сапында спорттың 17 түрінен 47 қазақстандық спортшы қатысты. 2 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль еншілеген отандастарымыз жалпы есепте 18-орыннан көрінді.

Сингапурде грек-рим күресінен Жәнібек Қандыбаев пен ауыр атлет Жазира Жаппарқұл жеңімпаз атанып, қазақтан шыққан жасөспірімдер арасындағы алғашқы Олимпиада чемпиондары атанды. Жәнібек бұл күндері халықаралық жарыстарға қатысып жүрсе, Жазира 2016 жылы Риодағы Олимпиада ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Күміс медальға таеквондошы Нұрсұлтан Мамаев пен ауыр атлет Зүлфия Чиншанло ие болған.  Нұрсұлтан кейіннен екі бірдей Олимпиадаға қатысты. Ал Зульфия болса 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы атанып, кейіннен допинг дауына ілікті. Жақында спортқа қайта оралды.

2010 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында қола жүлдені балуан Ақан Баймағамбетов пен ауыр атлет Рүстем Сыбай иеленді.

Араға 4 жыл сала жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары Қытайдың Нанкин қаласында өтті. Қазақстандық жас спортшылар 3 алтын, 1 күміс, 4 қола медаль еншілеп, жалпы есепте 21-орыннан көрінді.

Алтын медальды боксшы Абылайхан Жүсіпов, дзюдошы Бауыржан Жауынтаев және еркін күрес шебері Қуатбек Мұхамбетов жеңіп алды. Бүгінде бұл спортшылар ұлттық құрама сапында. Күміс жүлдені боксшы Вадим Казаков, қола медальді Евгений Поливадов (грек-рим күресі), Жасұлан Қалиев, Татьяна Капустина (ауыр атлетика) және көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы иеленді. 

Жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындары - жастардың болашағына жол ашатын жарыстардың бірі. Тәжірибе жинап, үлкен жарыстардың аурасын сезінетін болады.

Буэнос-Айрестегі жарысқа Қазақстаннан биыл спорттың 22 түрі бойынша 57 спортшы қатысты. 18 қазанға дейін жалғасқан спорттық шараға 206 елден 4000-ға жуық спортшы келген. 

Аргентинада боксшы Айбек Оралбай, ескекші Диас Бахриддин, дзюдошы Бекарыс Сәдуақасов пен велоспорттан ерлер құрамасы (Глеб Брусенский және Евгений Федоров) Олимпиада чемпионы атанып, ел абыройын асырды. 

Боксшылар Дамир Тойбай мен Талғат Шайкен күміс жүлдегер атанды. Финалда ресейлік спортшылармен кездескен қазақстандық боксшылар төрешілердің шешіміне көңілі тола қойған жоқ. Әсіресе 64 кг салмақта жұдырықтасқан Талғат қарсыласына есе жібермегенін айтып, көзіне жас алды. Барша қазақстандықтардан кешірім сұрады. Сондай-ақ бір күміс медальды дзюдодан Маргарита Гриценко жеңіп алды. 

Ескекші Стелла Суханова, боксшы қыз Надежда Рябец пен каратеші Әбілмансұр Батырғали Олимпиада ойындарының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 14-орыннан көрінді. 4 алтын, 4 күміс, 7 қола алған Өзбекстан құрамасы бір саты жоғары тұр. Ал бірінші орынды ресейлік спортшылар иеленді. Көрші елден барған құрама 29 алтын, 18 күміс, 12 қола медаль жеңіп алған. Қытай (18 алтын, 9 күміс, 9 қола) мен Жапония (15 алтын, 12 күміс, 12 қола) құрамалары алғашқы үштікті түйіндеді. 

Жасөспірімдер арасындағы IV жазғы Олимпиада ойындары 4 жылдан кейін Сенегал елінің астанасы Дакарда өтеді. Бұл Африка құрлығында өтетін алғашқы Олимпиада болмақ.  

Ө. Сансызбай