Қазақстандық дзюдошы жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды

Қазақстандық дзюдошы жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды
Фото: fdk.kz

17 қазаннан бастап Багам аралдарының астанасы Нассауда дзюдодан жастар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа қатысып жатқан қазақстандық спортшылар қатарынан алғаш болып Жанболат Бағтбергенов жүлдегер атанды.

Қоржынға түскен алғашқы жүлде қола болды. 73 кг-ға дейінгі салмақта белдескен балуанымыз жұбаныш белдесуде ресейлік Дэвид Гамасовты вазари ұпайымен ұтты.

Жанболат әлем чемпионатында жалпы 6 кездесу өткізіп, оның 5-ін жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде алғашқы қарсыласы Ли Уок Уинді (Гонконг) вазаримен, кейін колумбиялық Лэйдар Наварро мен тәжікстандық Сомон Махмадбековты иппон ұпайымен жеңді. Ал ширек финалда түрік балуаны Билал Гилоглуға ұтылғаннан кейін Жанболатқа жұбаныш белдесуінде күресуге мүмкіндік берілді. Жұбаныш белдесуінде бірінші бельгиялық Малик Абдул Умаевтан басым болды. Шешуші белдесуде ресейлік жас дзюдошы Дэвид Гамосовты вазари ұпайымен жеңді.

Нассаудағы бәсекеге 67 елден 426 спортшы қатысуда. Жарыс 21 қазанға дейін жалғасады.

Айта кетейік, ересектер арасындағы әлем чемпионаты қыркүйек айында Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өткен болатын. Ерлер арасында Ерлан Серікжанов күміс медаль алса, қыздар арасында Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдеге қол жеткізген еді. 

Ө. Сансызбай