Серік Қонақбаев

 Серік Қонақбаев

Қонақбаев Серік Керімбекұлы 1959 жылы 25 қазан күні Павлодар қаласында дүниеге келген.  Әкесі Қонақбаев Керімбек (1934-1977) техника ғылымының кандидаты. Шешесі Қонақбаева Балтуған Темірғалиқызы (1934-1996) мұғалім болған. Қазақтың атын күллі әлемге танытқан Серік ағамыз КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атағын 1981 жылы еншілеген. Былғары қолғап шеберіміз Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын 1981 жылы тәмәмдаса, қазіргі Қазақ мемлекеттік спорт және туризм академиясын 1984 бітіріп, маман иесі болған. 1999 жылы Халықаралық Х.А.Яссауи атындағы Қазақ-Түрік университетінің заңгер-құқықтанушы мамандығын бітірген. Серік Қонақбаев бокспен 14 жасынан бастап айналыса бастады. Ағамыздың атақтарына келетін болсақ, ол: КСРО халықтар спартакиадасының және КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (Мәскеу, 1979), екі мәрте Еуропа чемпионы (ГФР, Кельн, 1979. Финляндия, Тампере, 1981), әлем кубогінің иегері (Канада, Монреаль, 1981). Дәл сол жылы  әлемнiң ең үздiк боксшысы деген атақ Серiк Қонақбаевқа бұйырған. Әлем кубогінің иегері (АҚШ,Нью-Йорк, 1979), Мәскеуде өткен 22-ші Олимпиада ойындарының күміс иегері (1980), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (ГФР, Мюнхен, 1982), КСРО чемпионы (1980,1984). Мәскеу Олимпиадасынан кейін жастардың боксқа деген қызығушылығы артып, Серік Қонақбаев оқыған Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтындағы бокспен айналысатын студенттердің саны 40 тан 600 дейін өсті. Бұл қазақ боксының дамуына үлкен ықпал етті. 1981-87 жылдары Серік Керімбекұлы бапкерлік жұмыстар атқарып, коммерциялық «Қазақстан» спорт клубының (1990), ҚР кәсіпқой бокс Федерациясының (1992-1994), ҚР президенті жанындағы ұлттық спорт қорының президенті (1994-1996) болды. 1999 жылдың қазан айынан бастап Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің  екінші шақырылуындағы “Отан” республикалық саяси партиясының депутаты болып сайланып, кейін халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік бойынша комитет мүшесі болды.

Серік Керімбекұлы ағамыз “Қажырлы еңбек үшін” (1980), “Еңбек озаты”(1984), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006), «Құрмет» (2004) ордендерімен марапатталып, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (1993) атанды. Қазақ туризм және спорт академиясының профессоры. Серік Қонақбаев ағамыздың есімі қазақ бокс тарихында алтын әріппен жазылған.

Бокс тақырыбын форумда талқылай аласыз.

Сурет vecher.kz сайтынан