Нокдаун алған жекпе-жекте Жүкембаев қарсыласын нокаутпен жеңді

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нокдаун алған жекпе-жекте Жүкембаев қарсыласын нокаутпен жеңді
Фото ©️ Eye of The Tiger

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев Квебекте (Канада) өткен бокс кешінде мексикалық Патрисио Мореноны нокаутпен жеңді.

БӨЛІСУ

Он раундқа жоспарланған кездесу жетінші раундта аяқталды. Батыр Жүкембаев қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп шықты.

Бірінші раундта қазақстандық боксшы мансабында алғаш рет нокдаун алды. Тез есін жиып, шабуылын үдетті. Нәтижесінде екінші раундта қарсыласын бір тізерлетіп, нокдаунға түсірді.

Жетінші раундта Жүкембаевтың бүйірден ұрған жұдырығының күшінен кейін мексикалық орнынан тұра алған жоқ.

27 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы мансабындағы 14-ші жеңісіне қол жеткізді. 12 кездесуінде қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп шыққан. Отандасымыз барлық жекпе-жектерін Канадада өткізіп келеді.

Патрисио Морено мансабында үшінші рет жеңілістің кермек дәмін татты. Осыған дейін нокаутпен жеңілмеген.