Қазақстандық кәсіпқой боксшы алғаш рет чемпиондық атақ үшін жұдырықтасады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы алғаш рет чемпиондық атақ үшін жұдырықтасады
Фото: SmugMug

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (8-0, 7 КО) келесі жекпе-жегін 13 қазан күні Лас-Вегаста (Невада штаты, АҚШ) өткізеді, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

BoxRec ақпараты бойынша отандасымыз америкалық боксшы Джамар Фриманмен (15-6-2, 8 КО) жұдырықтасады. 8 раундқа жоспарланған жекпе-жекте орта салмақта NABF Junior чемпиондық белбеуі тігіледі. Бұл белбеу - WBC санатындағы атақтардың бірі. Мейірім мансабында алғаш рет чемпиондық атақ үшін жұдырықтаспақ.

Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет 4 тамыз күні жекпе-жек өткізді. Атлантик Ситиде өткен ресейлік Сергей Ковалев пен колумбиялық Элейдер Альварес арасындағы бокс кешінің андеркартында шаршы алаңға шықты. Доминикандық боксшы Джонатан Батистаны уақытынан бұрын жеңді.

25 жастағы отандасымыз кәсіпқой бокста 8 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның 7-де қарсыласын уақытынан бұрын жеңген.

Ө. Сансызбай