Чемпиондар лигасы. Дибала мен Джеконың жұлдызды сәті

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасы. Дибала мен Джеконың жұлдызды сәті
Фото ©️ The Kop End, Goal.com, vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші туры басталды. Қарт құрлықтың басты додасына қатысып жатқан командалардың барлығы осал емес. Сондықтан да жанкүйерлер күтпеген нәтижелер жиі кездесіп тұрады. Олай болса, түнде өткен ойындар жайлы аз-кем айта кетейік.

БӨЛІСУ

"Ювентус" алғаш рет маусымды 9 жеңіспен бастады

"Ювентус" өз алаңында Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алғаш рет шыққан "Янг Войзбен" кездесті. Туриндік команда үшін ойын қиын соққан жоқ. Роналду алаңға шықпаса да (қызыл қағазына байланысты) команда алаңдаған жоқ. Алғашқы минуттардан бастап ойынға араласқан Пауло Дибаланың дәуірі дүрілдеді. Үш гол соғып, өзінің Чемпиондар лигасындағы алғашқы хет-тригін жасады.

Туриндік команда жеке рекордын жаңартты. Маусым басындағы 9 ойында жеңіске жетті. Ал 1930 жылы маусымды 8 ойын қатарынан жеңіспен бастаған.

"Манчестер Сити" жасаған камбэк

Чемпиондар лигасы топтық кезеңіндегі алғашқы ойында "Манчестер Сити" өз алаңында ойда-жоқта "Лионнан" ұтылып қалды. Кеше өткен кездесу де Хосеп Гвардиола командасы үшін қиын басталды. Исках Бельфодиль 44 секундта гол соғып, "Хоффенхаймды" алға шығарды. Дегенмен неміс ұжымы есептегі бұл басымдықты 7 минут қана ұстап тұра алды.

8 минутта Серхио Агуэро таразы басын теңестірді. Чемпиондар лигасындағы 32-ші голын соқты. Ойын аяқталар тұста Давид Сильва ағылшындық клубқа жеңіс сыйлаған голды соғып кетті.

Джеконың жұлдызы жанған ойын

"Рома" өз алаңында Чехияның "Виктория Пльзен" командасын 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Эдин Джеко хет-трик жасап жанкүйерлерін қуантты. Бір голды Дженгиз Ундер өз еншісіне жазды. Ал Джастин Клюверт (әйгілі Патрик Клюверттің ұлы) "Рома" сапында Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас ойыншы (19 жас, 150 күн) атанды. Сондай-ақ өзі соққан голды "Стадио Олимпикода" "Аякста" ойнап, ауыр жарақатына байланысты төсекке таңылған жас ойыншы Абдульхак Нуридің құрметіне арнады.

"Лион" жанкүйерлерінің жазасы

Француз ұжымы Донецкінің "Шахтер" клубына қарсы ойынды жанкүйерсіз өткізді. УЕФА-ның тәртіптік комитеті еурокубоктағы екі ойынын бос алаңда өткізеді. Себебі команда фанаттары көктемде ЦСҚА командасына қарсы ойында алаңға отшашулар лақтырып, ойынға айтарлықтай кедергі жасаған еді. Нәтижесінде УЕФА осындай шешім қабылдап, командаға 100 еуро айыппұл да салды.

Жанкүйерсіз өткен алаңдағы ойын 2:2 есебімен аяқталды.

"Бавария" "Аякспен" тең ойнады

Мюнхендік клуб соңғы ойындарында жанкүйерлерін қуанта алмауда. Бундеслигада "Гертадан" ұтылып, "Аугсбургпен" тең ойнады. Ал түнде "Аяксты" ұта алмады. Спорт сарапшылары мен футболсүйер қауым бұл ойында "Бавария" айқын жеңіске жетеді деп болжаған еді. Ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Моуриньюдің мұңы басым

"Манчестер Юнайтед" "Олд Траффордта" "Валенсиямен" тең ойнады. Түнде гол болмаған жалғыз ойын. Бірсыдырғы басталған кездесу бірсыдырғы аяқталды. Манкуниандық клуб ойыншыларының біразы Жозе Моуриньюмен тіл табыса алмай жүргені жазылуда.

"Манчестер Юнайтед" футбол клубы бас жаттықтырушы Жозе Моуриньюмен арадағы келісімшартты үзетін болса, қомақты қаржыға шығындалуы мүмкін, - деп жазады AS басылымы. БАҚ ақпараты бойынша манкуниандық клуб келісімшартты бұзып, орындамаған жағдайда португалдық маманға 26 миллион еуро көлемінде қаржы төлейтін болады.

Мадридтің "Реалы" Мәскеуде ЦСКА-дан ұтылды

Көп жанкүйерлер бұл ойында ресейлік клуб жеңіске жететініне сене қойған жоқ. Хулен Лопетеги бұл ойында жас ойыншылардың қарымын байқағысы келді. Бұл тәжірибесі сан соқтырды. Өз қақпаларына жылдам гол соқтырып алып, ойын соңына дейін гол соға алмай састы. Рамос, Марсело, Иско мен Бэйлдың алаңда жоқтығы айқын байқалды.

Ойын 1:0 есебімен аяқталып, ЦСКА 4 ұпаймен G тобында көш басына шықты.

Афиныдағы айқас

Грекияның АЕК және Португалияның "Бенфика" командалары арасындағы кездесу аса тартысты. Бұл ойында спорт сарапшылары аз гол болады деп болжаған-ды. Керісінше ең көп гол соғылған ойындардың бірі болды.

Лиссабондық команда екі гол соғып, бірінші таймда алға шықты. Дегенмен Рубен Диаш алаңнан қуылғаннан кейін, "Бенфика" 10 ойыншымен қалды. Екінші таймда АЕК шабуылды үдетіп, есепті теңестіре білді. 74 минутта алаңға шыққан Альфа Семедо португалдық ұжымға жеңіс сыйлаған голды соқты. Есеп 2:3. Афиныдағы айқас лиссабондық клубтың жеңісімен аяқталды.

Бүгін түнде А, В, С және D топтарындағы ойындар өтеді

"А" тобы

"Атлетико" (Испания) - "Брюгге" (Бельгия)

"Боруссия" (Дортмунд, Германия) - "Монако" (Франция)

"B" тобы

"Тоттенхэм" (Англия) - "Барселона" (Испания)

ПСВ (Нидерланд) - "Интер" (Италия)

"C" тобы

ПСЖ (Франция) - "Црвена Звезда" (Сербия)

"Наполи" (Италия) - "Ливерпуль" (Англия)

"D" тобы

"Локомотив" (Ресей) - "Шальке" (Германия)
"Порту" (Португалия) - "Галатасарай" (Түркия)