Фируза Шарипова 22 желтоқсанда WBC чемпиондық атағына таласады

Фируза Шарипова 22 желтоқсанда WBC чемпиондық атағына таласады
Фото: allfight.ru

Қазақстандық кәсіпқой боксшы қыз Фируза Шарипова кезекті жекпе-жегін 22 желтоқсан күні Санкт-Петербургте өткізеді. Отандасымыздың қарсыласы - фин Ева Вальстрем.

Екінші жеңіл салмақта бақ сынайтын қазақстандық боксшы қыз қазіргі таңда IBО чемпиондық атағына ие. Ал финляндиялық боксшының еншісінде WBC чемпиондық белбеуі бар. Жекпе-жекке екі чемпиондық атақ та тігіледі.  Жеңімпаз осы салмақтағы үздік боксшы атанады.

Ева Вальстрем 8 қыркүйек күні Фирузаның Юлия Куценкоға қарсы жекпе-жегін арнайы келіп тамашалады. Жекпе-жек соңынан шаршы алаңға шығып, отандасымызбен бетпе-бет жүздесті. Тіпті бір-біріне сәттілік те тіледі.

Фируза Шарипова маңызды жекпе-жекке жаттығуын қазан айының ортасында бастайды.

Ө. Сансызбай