Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде екі орын төмен сырғыды

Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде екі орын төмен сырғыды
Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) жаңарған рейтингінде екі сатыға төмендеп, 118-орынға тұрақтады.

Жаңарған ФИФА рейтингінің алғашқы ондығында өзгерістер көп емес. Бельгия мен Франция құрамаларының ұпайы теңесіп, бірінші орында келеді. Бразилия құрамасы - үздік үштікте.

1. Бельгия 1729
1. (1). Франция 1729
3. (3). Бразилия 1663
4. (4). Хорватия 1634
5. (5). Уругвай 1632
6. (6). Англия 1612
7. (7). Португалия 1606
8. (8). Швейцария 1598
9. (9). Испания 1597
10. (9). Дания 1581...

Станимир Стойлов жаттықтыратын Қазақстан ұлттық құрамасы қыркүйек айында екі ойын өткізді. Ұлттар лигасындағы алғашқы ойында Грузияға есе жіберсе, Андоррамен тең түсті. Бұл нәтижелер ұлттық құраманы рейтингте жоғарылатқан жоқ.

Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасымен бір топтағы Грузия құрамасы үш орын жоғарылап, 93-орынға табан тіреген. Андорра да екі саты алға озып, 128-орыннан көрінді. Латвия екі орын төмендеп, 131-орынға түсті.

Жаңарған рейтингтегі ең төменгі нәтижені Гана ұлттық құрамасы көрсетіп отыр. Олар бірден 6 саты төмендеп, 51-ші орынға тұрақтаған. Бұл рейтингтің үздік көрсеткішін Украина құрамасы еншіледі. Олар 6 саты жоғарылап, 29-орынға табан тіреген.

Айта кетейік, ФИФА рейтингі 1993 жылдан бері түзіліп келеді. Сол арқылы ұлттық құрамалардың өсу деңгейін, көрсетіп келе жатқан нәтижелерін бағамдауға болады.

2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатынан кейін рейтинг ұпайын есептеу жүйесіне арнайы өзгертулер енгізілді.

Ө. Сансызбай