QazSport телеарнасы спорт комментаторларына кастинг жариялады

QazSport телеарнасы спорт комментаторларына кастинг жариялады
Фото: kazsport.kaztrk.kz

Еліміздегі бірден-бір спорттық сайыстардан хабар тарататын QazSport телеарнасы спорт комментаторларына кастинг жариялады. Бұл туралы ресми сайтында хабарлады.

Кастингке спорттан жан-жақты хабары бар, сөзге ұста тілшілер мен өзге де ниет білдірушілер қатыса алады. Кастинг 13-14 қазан аралығында Астана қаласы, Мәскеу көшесі, 33А үйінде орналасқан телеарна ғимаратында өтеді.

Түйіндемелерді 8  қазанға дейін kazsporttv.kz@mail.ru адресіне жіберу қажет. Одан кейін түйіндемелер өңдеуден өтіп, арнайы база құрылады. Қарастырылған түйіндемелерден үміткерлер тізімі анықталып, электронды поштаға немесе қоңырау соғу арқылы кастингке қатысуға шақырту жіберіледі. Үміткерлердің өздерімен бірге жеке куәлігі болуы шарт.

Бұл - телеарна ұйымдастырып отырған 5 жыл ішіндегі 9-шы кастинг. Осыған дейінгі кастингтерде іріктелген комментаторлар қазіргі таңда телеарнада жемісті қызмет атқаруда. Олардың арасында Лилиана Әлжанова, Ербол Қайыров, Ерік Ерсін, Дидар Қадыров, Дмитрий Нестеренко сынды есімдер бар.

Кастингтің мақсаты - арнадағы қазақ және орыс тілінде жұмыс істейтін комментаторлар құрамын жаңа есімдермен толықтыру.

Кастингке 22 жастан жоғары ҚР азаматы қатыса алады.

Кастинг мынадай спорт түрлерінен өтеді:

a) жеке спорт түрлері мен велоспорт, баскетбол, волейбол, регби, хоккей, жекпе-жек, ұлттық спорт түрлері;
б) мәнерлеп сырғанау, көркем гимнастика, жүзу сияқты спорт түрлері бойынша комментатор–қыздар;
в) барлық спорт түрін жетік меңгерген комментаторлар.

Ө. Сансызбай