Бүгін Чемпиондар лигасының топтық кезеңі басталады

Бүгін Чемпиондар лигасының топтық кезеңі басталады
Фото: Navva, Vivaro News, nss magazine

Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі саналатын Чемпиондар лигасының топтық кезеңі басталады. Назарларыңызға кездесулер алдындағы қысқа шолуымызды ұсынамыз.

Футболсүйер қауым асыға күткен жасыл алаңдағы кездесулер "В" тобындағы ойындармен басталады. Жарыстың жаңа ережесіне сәйкес, кей топтағы ойындар ертерек өтеді.

"Барселона" (Испания) - ПСВ (Нидерланд)

"В" тобындағы фаворит команданың бірі - "Барселона". Бүгін каталондық клуб өз алаңында Нидерланд чемпиондарымен кездеседі. "Блауграна" 2013 жылдан бері ("Бавариядан" ұтылған) "Камп Ноу" стадионында ұтылмаған. Яғни, Чемпиондар лигасында.

Еурокубок ойындарында екі команданың жолы 6 рет түйіскен. 1977-1978 жылғы УЕФА кубогы ойындарында ПСВ өз алаңында 3:0 есебімен ұтып, қарымта ойында 3:1 нәтижесімен ұтылған. 1995-1996 жылғы маусымда "Камп Ноуда" 2:2 есебі тіркелсе, "Филипсте" "Барселона" 3:2 есебімен жеңіске жетті. 1997-1998 жылдары өткен маусымдағы екі ойында да командалар 2:2 есебімен тең ойнады.

Араға 21 жыл сала екі команда еурокубок ойындарында қайта кездеспек. Каталондық клуб қазір айқын фаворит.  

Ойын Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады. Қазақстандық футболсүйер қауым бұл ойынды QazSport арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.

"Интер" (Италия) - "Тоттенхэм" (Англия)

Миландық клубтың жанкүйерлері бұл сәтті 7 жыл күтті. "Интер" Чемпиондар лигасында соңғы рет 2012 жылғы маусымда ойнады. Одан кейін Италия чемпионатында ортаңқол командалар қатарына қосылып кеткен-ді. Дегенмен команда ішкі біріншілікті биыл сәтті бастаған жоқ. "Сассуоло" мен "Парма" клубтарына 3 ұпайдан ұстатты. "Ториномен" тең түсті. "Болоньяны" ғана ұтты.

Ағылшын премьер-лигасында "Тоттенхэм" де соңғы екі ойында ұпай жоғалтты. "Уотфорд" пен "Ливерпульден" ұтылды. Сондай-ақ бүгінгі ойынға жарақатына байланысты Уго Льорис пен Деле Алли қатыспайды. Ал Тоби Алдейберелд пен Киран Триппьер жаттықтырушы шешімімен ойынға қатысатындар тізіміне енбеген.

Бұл ойын да Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады.

"Брюгге" (Бельгия) - "Боруссия д" (Германия)

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан командалар осал емес екені белгілі. Бельгияның "Брюгге" клубы да "А" тобында тосынсый жасауға үмітті командалардың бірі.

"Боруссия Дортмунд" өткен маусымдағы бундеслигада Чемпиондар лигасына қосымша статистика бойынша жолдама алды. "Байермен" ұпайы тең болып, доп айырмашылығы бойынша алда болды.

Екі команда өзара 5 рет кездескен. 1987 жылғы УЕФА кубогында немістер өз алаңында 3:0 есебімен жеңіске жетіп, сырт алаңда 5:0 болып ұтылған. 2003/2004 жылғы маусымда әр команда өз алаңдарында 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Пенальти сериясында "Брюгге" басым шыққан. 2012 жылы өткен жолдастық кездесуде бельгиялық команда жеңіске жеткен.

Спорт сарапшыларының көпшілігі бүгінгі ойында тең есеп тіркелуі мүмкін деп болжауда.

"Монако" (Франция) - "Атлетико" (Испания)

"А" тобындағы екінші ойында "Монако" мен "Атлетико" 3 ұпайға таласады. Екі клуб та ішкі чемпионаттағы ойындарын сүреңсіз бастады. Француз командасы 5 турдан кейін 15-орында, мадридтік клуб 4 турдан кейін 9-орында келеді.

Букмекерлік орталықтар бұл ойында "Атлетиконы" фаворит санауда. Өткен жылы Еуропа лигасында топ жарған Диего Симеоне шәкірттері биыл Чемпиондар лигасында жеңіске жетуді мақсат тұтады.

Алаң иелері сапынан жарақатына байланысты Субашич, Йоветич, Р.Лопеш, Пеллегри, Пьер-Габриэль, Баррека, Головин, Жюббель ойынға қатыспайды. Қонақтар қатарынан Витоло, Ариас пен Калиничтің жарақаты бар.

Бұл ойынды Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де Qazaqstan ұлттық арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

"Ливерпуль" (Англия) - "ПСЖ" (Франция)

Бүгін жанкүйерлер асыға күткен ойын "Энфилдте" өтеді. "С" тобының фавориттері саналып отырған "Ливерпуль" мен ПСЖ кездеседі. Танымал футбол жұлдыздарынан құралған командалардың ойыны нағыз тартысқа толы болмақ.

Өткен маусымда ағылшындық клуб Чемпиондар лигасының финалына дейін жетті. Тек чемпиондық атаққа бір қадам қалғанда "Реал" ұтып кетті. Ал париждік команда 1/8 финалдан аса алмады. Әйтпесе Унаи Эмери командамен өзге атақтың бәріне дерлік қол жеткізген еді. Биылғы маусымға бұл клубты Томас Тухель бастап шықты.

Екі команда еурокубок ойындарында бір рет (екі ойын) қана кездескен. "Ливерпуль" өз алаңында 2:0 есебімен жеңіске жетіп, Парижде 3:0 есебімен ұтылған.

Астана уақытымен түнгі сағат 01:00-де басталатын ойынды QazSport арнасы тікелей эфирде көрсететін болады.

"Црвена Звезда" (Сербия) - "Наполи" (Италия)

С тобындағы екінші ойын Белградта өтеді. "Црвена Звезда" Неапольдың "Наполи" командасымен кездеседі. Алаң иелері осы топтағы аутсайдер команда. Ал италиялық клуб өзге екі қарсыласынан ұпай алу қиын екенін жақсы біледі.

Екі клуб осыған дейін еурокубок ойындарында бір-бірімен кездеспеген.

"Шальке" (Германия) - "Порту"  (Португалия)

"D" тобындағы командалар - терезесі тең қарсыластар. Дегенмен "Шальке" мен "Порту" аздап болса фавориттер қатарында.

Гельзенкирхендік команда жаңа маусымда өте сүреңсіз бастады. Алғашқы 3 ойында да ұтылып, турнир кестесінде 17-орында (18 команда ішінде) келеді. Чемпиондар лигасына дайындығы жақсы болар...

"Порту" өткен маусымда ішкі біріншілігінде чемпион атанды. Биыл 4 турдан кейін 9 ұпай жинап, 4-орында келеді. Команда сегізінші маусым қатарынан Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде бақ сынап келеді.

Екі команда еурокубокта соңғы рет 2008 жылы кездескен. Өз алаңдарында 1:0 есебімен бір-бірін ұтып, ойын соңындағы пенальти сериясында "Шальке" жеңіске жеткен. Ал оған дейін ертеректе УЕФА кубогында жолдары түйіскен.

"Галатасарай" (Түркия) - "Локомотив" (Ресей)

Түркиялық клуб өткен маусымда ішкі чемпионатында бірінші орын алып, топтық кезеңге тікелей жолдама алды. Биылғы маусымды да сәтті бастап, 5 турдан кейін 12 ұпаймен 1-орында келеді.

Өткен маусымда Ресей чемпионы атанған "Локомотив" биылғы маусымда жарқын жеңістерімен жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. 7 турдан кейін 9 ұпаймен 10-орында келеді.

Екі команда Чемпиондар лигасында 2002 жылы кездескен. Ресейлік команда өз алаңында 1:0 есебімен есе жіберіп, Түркияда 2:1 есебімен жеңіске жеткен.

Ө. Сансызбай