Қазақстандық боксшы қыздар халықаралық турнирде 9 медаль жеңіп алды

Қазақстандық боксшы қыздар халықаралық турнирде 9 медаль жеңіп алды
Фото: kfb.kz

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Польшаның Силезия аймағында өткен ХІІ халықаралық турнирде 9 медаль жеңіп алды. Жарысқа 21 елдің боксшы қыздары қатысты. 

Финалға 6 қазақстандық боксшы қыз шықты. Жайна Шекербекова (51 кг), Карина Ибрагимова (60 кг), Фариза Шолтай (81 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) қарсыластарын ұтып, жеңімпаз атанды. Әйгерім Қасенаева (48 кг) мен Мәдина Нұршаева (64 кг) күміс медальды қанағат тұтты.

Дариға Шәкімова (75 кг), Милана Сафронова (64 кг) мен Владислава Кухта (57 кг) халықаралық турнирдің қола жүлдесін иеленді.

Финалдық жекпе-жектерге тоқталар болсақ, қазақ боксшы қыздары қарсыластарынан қаймығып қалған жоқ. Жеңіс жолында барлығы да бар күш-жігерін салып жұдырықтасты. 48 кг салмақта Әйгерім Қасенаева әйгілі үндістандық боксшы қыз Мэри Коммен кездесті. 5 дүркін әлем чемпионы айласын асырып кетті. 

64 кг салмақта Мәдина Нұршаева финалда украиналық Мария Вовадан 4:1 есебімен ұтылып, күміс жүлдегер атанды. 

Жайна Шекербекова (51 кг) финалда жергілікті боксшы Сандра Драбикті (Польша) 4:1 есебімен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. 

Карина Ибрагимова (60 кг) финалда ресейлік Анастасия Беляковадан 4:1 есебімен басым түсті.

Фариза Шолтай (81 кг) Агата Качмарскиден (Польша) айласын асырды.

Соңғы болып шаршы алаңға шыққан жерлесіміз Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) финалда ресейлік Кристина Ткачеваны жеңді. Есеп - 4:1.

 

Ө. Сансызбай