Қанат Исламмен жұдырықтасқан боксшы WBO чемпиондық атағын иелене алмады

Қанат Исламмен жұдырықтасқан боксшы WBO чемпиондық атағын иелене алмады
Фото: Тұрар Қазанғапов

Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес арасында өтетін бокс кешіндегі кезекті жекпе-жек аяқталды. Мексикалық боксшы Хайме Мунгия канадалық Брендон Кукты жеңіп, бірінші орта салмақта WBO чемпиондық атағын қорғап қалды.

21 жастағы мексикалық боксшы бірінші раундтан бастап-ақ мықтылығын байқатты. Сәт сайын қарсыласын қыспаққа алып, жеңіске бастар жолды іздеді. Нәтижесінде 12 раундқа жоспарланған жекпе-жек 3 раундта аяқталды. Хайме Мунгия айқын жеңіске жетті.

Канадалық боксшы қазақ жанкүйерлерінің есінде болса керек. Ол 2017 жылы Астанада Қанат Исламмен жұдырықтасқан болатын. 9 раундта отандасымыз нокаутпен жеңген еді. Бұл Брэндонның спорттық мансабындағы алғашқы жеңілісі еді. Бүгін екінші рет жеңілді.

Хайме Мунгия – талантты жас мексикалық боксшы. Отандасымыз Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға үмітті. Тіпті мамыр айында кездесіп қалуы да мүмкін еді. Алайда Невададағы Атлетикалық комиссия штаты (NSAC) мексикалықтың тәжірибесі аз екенін мәлімдеп, жекпе-жекке рұқсат бермеген болатын.

Ө. Сансызбай