Лейла Әли: Мен екеуінің де жанкүйерімін

Лейла Әли: Мен екеуінің де жанкүйерімін
Фото: коллаж

Әйгілі боксшы Мұхаммед Әлидің қызы Лейла Әли орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық атағына ие отандасымыз Геннадий Головкин (38-0-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы жекпе-жекке қатысты өз ойын білдірді.

- Мен Головкиннің де, "Канелоның" да жанкүйерімін. Қысқасы екеуінің де. Өзара екінші жекпе-жек ұйымдастырғанына қуаныштымын. Головкин жеңеді деп айту да қиын. Жеңілмегендер де жеңіледі. Кез келген боксшыны жеңуге болады. Мен бірінші кездесуден гөрі, екіншісі қызықты әрі тартысты болғанын қалаймын, - деді ESPN тілшісіне берген сұхбатында.

Лейла Әли кәсіпқой бокста 24 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 21-де қарсыласын нокаутпен жеңген. Екінші орта салмақта IBA, WIBA және IWBF чемпиондық атақтарын иеленген. Мансабын 2007 жылы аяқтады.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жек өткен жылдың 17 қыркүйегінде өткен еді. Төрешілер шешімі бойынша екі боксшы тең тарқасқан-ды. Биылғы жекпе-жек 15 қыркүйекке белгіленіп отыр. Қысқасы 10 күннен кейін екі боксшы өзара мықтыны анықтайтын болады.

Жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobile аренада өтеді. Отандасымыз чемпиондық атағының барлығын қорғайды. Сондай-ақ иесіз тұрған The Ring чемпиондық атағы мен WBC ұйымының арнайы белбеуі де жеңімпазға табысталады.

GGG мен "Канело" шаршы алаңға шығатын бокс кешін Qazaqstan мен QazSport арналары тікелей эфирде көрсетеді.

Ө. Сансызбай