Қанат Ислам WBA рейтингінде үздіктер қатарынан шығып қалды

О Сансызбай Корреспондент
Қанат Ислам WBA рейтингінде үздіктер қатарынан шығып қалды
Фото ©️ Tm production.kz

Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA) тамыз айындағы боксшылардың нәтижесі бойынша жаңарған рейтингін жариялады. Бұл рейтингтегі үздіктер қатарынан Қанат Ислам шығып қалды, - деп хабарлайды Vesti.kz.

БӨЛІСУ

Бірінші орта салмақта WBO NABO, WBA-NABA және WBA Inter-Continental чемпиондық атақтарына ие отандасымыз осыған дейін үздік ондықтың қатарында болған еді. Жаңарған рейтингте 15 боксшының қатарына енбеген.

Қанат Ислам жыл басында WBA рейтингінде көш бастап тұрған. Алайда ұйым ұсынған міндетті қарсыласпен жұдырықтасудан бас тартты.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы осыған дейін WBA ұйымынан өзге Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) мен Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) рейтингтерінен де шығып қалған еді.

"Қазақ" соңғы рет шаршы алаңға өткен жылдың қыркүйек айында шықты. Астанада канадалық боксшы Брендон Кукпен жұдырықтасып, 9 раундта техникалық нокаутпен қарсыласын жеңген болатын. Одан кейінгі жекпе-жегін биыл 23 маусым күні өткізетіні белгілі болған еді. Алайда отандасымыз жаттығу кезінде жарақат алып, жекпе-жек өтпей қалды.

Айта кетейік, Қанат Ислам ақпан айында танымал менеджер Эгис Климаспен келісімге келіп, АҚШ-тағы жаттығуын бастаған еді.

Спортшы 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанған-ды.