Қазақстандық 8 жас боксшы әлем чемпионатының финалына шықты

Қазақстандық 8 жас боксшы әлем чемпионатының финалына шықты
Фото: kfb.kz

Венгрия елінің астанасы Будапештте бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтуде. Қазақстандық 8 жас боксшы финалға шықты.

Кеше өткен жартылай финалдық жекпе-жектер аса тартысты болды. Азия чемпионы Махмуд Сабырхан (49 кг) төрешілер шешімі бойынша пуэрто-рикалық Жан Поль Ривераға жол берді. Қоланы қанағат тұтты. Қыздар арасында Жансая Әбдіраймова (51 кг) мен Анель Құдайберген (48 кг) де қарсыластарына есе жіберіп, әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

69 кг-ға дейінгі салмақта Ермахан Жақпековтің жекпе-жегі жұрт назарын аударды. Отандасымыз жартылай финалда тай боксшысы Пирапат Еасунгноенмен кездесіп, қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Ермаханның жойқын соққысынан кейін қарсыласы оңай ес жия алған жоқ. Финалда отандасымыз Ресей және Еуропа чемпионы Джамбулат Бижамовпен жұдырықтасады.

75 кг салмақта Нұрбек Оралбай жартылай финалда өзбек Наво Тамазовты жеңді. Отандасымыз Азия чемпионатының күміс жүлдегері болса, өзбек боксшысы қола алған. Финалда Нұрбек ресейлік Данил Тетеревпен кездеседі.

Азия чемпионы Айбек Оралбай (91 кг) жартылай финалда алжирлік Амин Хасид Мұхаммедті жеңді. Төрешілер бірауыздан қазақстандық боксшыны жеңімпаз ретінде таныды. Финалда ресейлік Игорь Феодоровпен қолғап түйістіреді.

Қыздар арасында Азия чемпионы Гузаль Садықова (81 кг) жартылай финалда украиналық Каролина Махноны жеңді. Ол да финалда ресейлік боксшы қыз Анастасия Рыбакпен кездеседі.

54 кг салмақта жұдырықтасатын Азия чемпионатының күміс жүлдегері Айзада Есламғали жартылай финалда тай боксшы қызы Пхонапп Лапаннан бір бәс жоғары болды. Финалда америкалық боксшы қыз Ян Вердускомен жұдырықтасады.

Дамир Тойбай (+91 кг) мен Сағындық Тоғамбай (81 кг) финалға жекпе-жексіз шықты. Екеуінің де қарсыластары шаршы алаңға шыққан жоқ. Финалда отандастарымыз ресейлік боксшылармен жұдырықтасады. Дамирдің қарсыласы - Алексей Дронов. Ал Сағындық Руслан Колесниковпен алтынға таласады. Екі боксшымыздың қарсыласы да Ресей ішкі біріншілігінде жеңімпаз атанған боксшылар.

Финалға бірде-бір жекпе-жек өткізбей шыққан Азия чемпионы Дина Исламбекова Еуропа чемпионы украиналық Мария Ловчинскоймен қолғап түйістіреді.

Жастар арасындағы әлем чемпионатының финалдық кездесулері 30-31 тамыз күндері өтеді. Бірінші күні Нұрбек Оралбай (75 кг), Айбек Оралбай (91 кг), Айзада Есламғали (54 кг) және Гузаль Садықова (81 кг) шаршы алаңға шығады. Екінші күні өтетін финалда Дамир Тойбай (91+ кг), Сағындык Тоғамбай (81 кг), Дина Исламбекова (81+ кг) және Ермахан Жақпеков (69 кг) бақ сынайды.

Ө. Сансызбай