Неймар: «Мессимен бір командада ойнау - менің басты арманым»

Неймар: «Мессимен бір командада ойнау - менің басты арманым»

Бразилиялық «Сантос» ұжымының шабуылшысы Неймар «Барселонаның» көшбасшысы Мессимен бірге бір командада ойнағысы келетіндігін айтты.

«Мен үшін бүгінгі таңда әлемде Иньеста, Криштиану және Мессиден асқан мықты ойыншы жоқ. Ал бұл үштіктен кім мықты деп сұраса, ойланбастан – Месси дер едім. Ол футбол майданында ешкім жасай алмайтын қимылдарды аса қиналмай-ақ жасайды», - дейді Неймар Marca басылымына берген сұхбатында.

«Аргентиналық жігітпен бір клуб сапында ойнау - менің басты арманым. Тіпті Мессимен бірге жаттығу жасау мені бақытты етеді»,- депті сұхбатта бразилиялық шабуылшы.

Айта кетейік, шабуылшының «Сантос» командасымен шартнамасы 2014 жылдың аяғында бітеді. Бразилиялық команданың президенті Луис Альваро Рибейроның айтуынша, 20 жасар шабуылшының «Сантоспен» келісім-шарты аяқталған соң, «Барселона» командасы бұл ойыншыны сатып алуға бір қадам жақын екен.

«Малага» командасының ойыншылар алдындағы қарызы 8 миллион еуро

Испаниялық «Малага» командасының жетекшілері команда сапындағы ойыншыларға толығымен айлықтарын алу үшін бір ай күтуді сұрапты. Бұл туралы испадық As басылымы хабарлайды.

As басылымының айтуынша, «Малага» иесі, бүгінде Катар билеушісінің туысқаны Абдулла бин Насер Аль-Танидің ойыншылар алдында 8 миллион еуро қарызы бар екен. Команданың бюджеттік мәселесіне байланысты жазғы маусым аралық үзілісте клубтың белді ойыншылары - Санти Касорла, Йорис Матейсен, Саломон Рондонды сатқан болатын. Бірақ жоғарыдағы аяқдопшыларды сатудан келген пайда команданың толығымен қарыздарынан құтылуына жетпеген.

Неста «Миланға» қайта келуі мүмкін

Бүгінде Канада жерінде «Монреал» командасының намысын қорғап жүрген италияндық қорғаушы Алессандро Неста «Милан» командасына қайта оралуы мүмкін.

Қаңтар айында футболдан Канада біріншілігінде (МLS) үзіліс болады. Дәл осы үзіліс уақытында Алессандро Неста өзінің бұрынғы командасына келіп,  екі-үш ай ойнай алады. Мұндай мүмкіндікті ертеректе «Лос-Анджелес Гэлакси» командасының ойыншысы Дэвид Бекхэм да пайдаланған болатын. 

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ 

Сурет: eurosport.ru

Ю. НИКУЛЛИН