"Ювентус" клубы Роналдудың футболкасынан қанша пайда тапқаны белгілі болды

"Ювентус" клубы Роналдудың футболкасынан қанша пайда тапқаны белгілі болды
Фото: news-shok.pp.ua

"Ювентус" клубы 2018-19 маусым алдында атрибутаттарды сату туралы мәліметтің қорытындысын жариялады. 

Tuttosport хабарлауынша, туриндік клуб футболкаларының алғашқы партиясын сатып болған. Португалиялық шабуылшы Мадридтің "Реал" клубынан "Ювентус" командасына ауысқаннан кейін атрибутика саудасы қызған. 10 маусымнан 5 тамызға дейін туриндік клуб Роналду есімі жазылған 7 нөмірлі футболканың 55 мың данасын сатқан. Бұл клубқа 6,5 миллион еуро табыс алып келген. "Ювентус" футболкаларының келесі партиясы қыркүйек айынан бастап шығады. 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Криштиану Роналдудың футболкасы Италияда минут сайын сатылып жатқаны туралы хабарлаған едік. Нәтижесінде алушылардың көптігінен клубтың интернет-дүкені де біраз уақытқа істемей қалған. Мамандар оны қайта іске қосу үшін көп тер төккен еді. 

Криштиану Роналду Мадридтің "Реалынан" Туриннің "Ювентус" клубына ауысқан болатын. Португалиялық сұрмерген "Ювентус" командасымен төртжылдық келісімшартқа қол қойған. Жылына 30 миллион еуро көлемінде еңбекақы алады. "Ювентус" футболшының трансферлік құнына 100 миллион еуро шығындаған. Оны 2 жыл ішінде корольдік клубқа төлейді. Тағы бұрынғы командасына 12 миллион еуро береді. Криштиану Роналду "Ювентус" сапындағы алғашқы ойынын 19 тамызда өткізеді.

Т. Раушанұлы