Премьер-лига. "Астана" "Ақтөбемен" тең ойнады

Премьер-лига. "Астана" "Ақтөбемен" тең ойнады
Фото: vesti.kz

Футболдан ел премьер-лигасының ХХІ тур ойындары басталды. Көш басында келе жатқан "Астана" "Ақтөбемен" тең ойнады.

Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы стадионда өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды. Бұл кездесуге елордалық команда негізгі құрамдағы ойыншыларының бірқатарын шығарған жоқ. Себебі команда 7 тамыз күні Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Загребтің "Динамо" клубымен ойнайды.

Ойында бірінші болып "Астана" командасы есепте алға шықты. Голды жақында ғана команда қатарына қосылған Кюрасао құрамасының ойыншысы Рангело Янго соқты. "Ақтөбе" командасы екінші таймда есепті теңестірді. Алаң иелеріне ұпай сыйлаған голды 54 минутта Александр Симчевич соқты.

Сондай-ақ бүгін ХХІ тур ойындары аясында Талдықорған мен Атырауда да ойындар өтті. "Жетісу" өз алаңында "Ақжайықпен" 1:1 есебімен тең ойнаса, "Атырау" "Қайсарды" 2:1 есебімен ұтты. Ертең "Шахтер" – "Қайрат", "Қызылжар" – "Ертіс", "Тобыл" – "Ордабасы" командалары арасындағы ойындар өтеді.

Н. Үсенова