Патрик Твумаси Испанияның "Алавес" клубына ауысты

Тұрсынбек Раушанұлы Корреспондент
Патрик Твумаси Испанияның "Алавес" клубына ауысты
Фото ©️ lenta.inform.kz

Елорданың "Астана" клубының шабуылшысы Патрик Твумаси Испаниядағы "Алавес" командасымен 4 жылдық келісімшартқа қол қойды. "Алавес" футбол клубы "Астана" командасымен шабуылшысы Патрик Твумасиді қатарына қосу туралы келісімге келді. Патрик медициналық тексерістен сәтті өтіп, жақын уақытта Ла-Лигада өнер көрсету үшін жаңа клубының тізіміне қосылады.

"Алавес" басшылығы Твумасиді қатарларына қосу үшін елордалық клубқа 3 млн еуро төлеген көрінеді. Осы трансфер испаниялық команда үшін қымбат ауысымдардың бірі болып отыр. Атап айтар болсақ, "Алавес" командасы осыған дейін "Сельта" шабуылшысы Йон Гвидеттиді сатып алу үшін 4 млн, "Индепендьенте" командасының жартылай қорғаушысы Даниэль Торресті қатарға қосу үшін 3.18 миллион еуро төлеген. Демек, Патрик Твумаси команда тарихындағы үшінші қымбат ойыншы саналады. Твумаси жаңа клубта негізгі құрамнан орын алу үшін Ибаи Гомеспен бәсекелес болады. 
 
Испаниялық клуб былтырғы маусымда 20 команданың арасынан 8 орын алған болатын. Команда биылғы маусымдағы алғашқы ресми матчын 19 тамыз күні өткізеді. 
 
Айта кетейік, Твумасидің қазақстандық командамен келісімшарты болғандықтан, "Алавес" ұжымы "Астанаға" өтемақы төлейтін болады. Алайда, испаниялық команда өтініші бойынша өтемақы мөлшері жарияланбайды. 23 жастағы ганалық футболшы "Астана" қатарында 2013 жылдан бері ойнап келеді. "Астанамен" төрт рет Қазақстан чемпионатын жеңіп алып, Чемиондар лигасының топтық кезеңіне де қатысты. 5 жыл ішінде ол 171 матчта 69 гол соғып, 27 нәтижелі пас шығарған.

БӨЛІСУ