Флорентино Перестің вилласы сатылды

Флорентино Перестің вилласы сатылды
Фото: Life.ru

Аты аңызға айналған автоспортшы Михаэль Шумахердің жары – Коринна Шумахер Мальоркадағы (Испания) 15 мың шаршы метр аумақты алып жатқан үлкен вилласы бар жерді сатып алды.

"Villa Yasmin" деп аталатын аумақта 2 бассейн, тікұшақ қонатын орын, қонақтар үшін жеке коттедж және бақ бар. Ең негізгісі бұл жерден теңіз алақандағыдай көрінеді. Осындай ғажайып орын Мадридтің "Реал" клубы президенті Флорентино Переске тиісті. Перес вилланы 2005 жылы 28 миллион долларға сатып алған. Бірақ 2012 жылы жұбайының қаза болуына байланысты бұл жерге келмей кеткен. Үй 2017 жылы сатуға қойылған. 

Әсем бағы бар үйді жақында Коринна Шумахер 35 миллион долларға сатып алды. Коринна вилладан отбасымен бірге демалатын орын жасайды. 

Естеріңізге сала кетейік "Формула-1" ойындарының 7 мәрте жеңімпазы болған Михаэль Шумахер 2013 жылы Франция тауларының бірінде шаңғы теуіп жүріп басын жарақаттап, 6 ай жасанды комада жатқан болатын. Кейін оған Швейцарияда медициналық көмек көрсетіліп жатқаны мәлім болған.

Т. Раушанұлы