Алматыда қайырымдылық турнирі өтті

Алматыда қайырымдылық турнирі өтті
Фото: massaget.kz

Алматыда Тимур Сегізбаев атындағы жаттығу базасында балалар үйі тәрбиеленушілері мен есту қабілеті нашар балалар арасында футбол турнирі өтті. 

Турнир ұйымдастырушылары Ислам Бизнесінің Халықаралық ассоциациясы мәлімдеуінше аталған турнирдің басты мақсаты – балалар үйі мен есту қабілеті нашар мектеп-интернатының тәрбиеленушілерінің қоғамдағы деңгейі мен рөлін көтеру.

Турнирге жалпы саны 7 команда қатысты: 
1. "Нұр" қайырымдылық балалар үйі; 
2. № 1 облыстық балалар үйі (13-14 жас); 
3. "Жанұя" мамандандырылған кешені (12-13 жас); 
4. № 1 есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернаты; 
5. "Алматы SOS балалар ауылы"; 
6. № 1 облыстық балалар үйі (10-15 жас); 
7. "Жанұя" мамандандырылған кешені (14-16 жас). 

Барша жас аяқдопшыларды Диас Омаров, Сергей Волгин, Вахид Масудов, Александр Жуйков, Валерий Малыгин, Берік Арғымбаев сынды Қазақстан футболының аңыздары қолдауға келіп, балаларға сәттілік тіледі. 

Диас Омаров – Қазақ ССР-і, "Қайрат" футбол клубының экс-жартылайқорғаушысы, спорт журналисі, комментатор

Вахид Масудов – Қазақ ССР-і, "Қайрат" футбол клубының экс-жартылайқорғаушысы, спорт шебері, бапкер

Берік Арғымбаев – Қазақ ССР-і, "Қайрат" футбол клубының экс-шабуылшысы, бапкер

Вахид Масудов, Руслан Идрисов – Ислам Бизнесінің Халықаралық ассоциациясы жастар қанатының жетекшісі, Берік Арғымбаев

Турнирдің бас ұйымдастырушысы, Ислам Бизнесінің Халықаралық ассоциациясы жастар қанатының жетекшісі Руслан Идрисов турнирдің әлеуметтік маңызын баса айтты: 

"Футбол жарысын Президент ықпалымен жасалған #сеніңжаңақырың(#другойты) челленджі мен қазір Ресейде өтіп жатқан Әлем Чемпионатын қолдау мақсатында өткізіп жатырмыз. Бізде бүгін кішігірім өз Әлем Чемпионатымыз болып жатыр, алаңда Бразилия, Испания, Португалия, Англия сынды жас командалар ойнап жатыр. Сондай-ақ Рамазан айы да аяқталды. бұл қасиетті айдан кейін адамдар сауапқа кенеліп, жақсылық жасауын еш тоқтатпауы керек. Сондықтан біз жай турнир емес, балалар үйі мен есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернат балалары арасында жарыс ұйымдастырып отырмыз. Балаларға тек қайырымдылық көрсетіп қана қоймай олардың әлеуметтік, қоғамдық деңгейін көтеру басты мұратымыз. Турнирге қатысып жатқан балаларға керек-жарағын қамтамасыз етуге тырыстық". 

Турнирге қатысып жатқан бүкіл футболшы аянып қалмады. Барлық кездесу берік тәртіп пен достық атмосферада өтті. 


Бас ұйымдастырушы Руслан Идрисов мұндай турнирлердің әлі де жалғасатындығын айтып өтті: "Біздің Ислам Бизнесінің Халықаралық ассоциациясының тағы 7 мемлекетте өкілдігі бар. Сол мемлекеттерде тура осындай турнирлер ұйымдастырып, кейін Әлем Чемпионаты өтіп жатқан стадиондарда халықаралық бір ортақ жарыс ұйымдастыру жоспарда бар. 

Жалпы балалар үйінің жеткіншектері – өзгелер сияқты қоғамның тең құқықты мүшелері. Оларға бұқаралық назар аудару аса маңызды. Бірақ қазір балалар үйі жабылып жатыр, әр бала өз жолын тауып, үлкен өмірге қадам басып жатыр. Біз тек олардың сол жолда өздерін толыққанды бақытты сезінуіне сәл де болса үлес қоссақ дейміз. Мұндай әлеуметтік шараларды өзгелер де жасап, балаларға қолдау білдірсе артық болмас, мысалы футболдан да басқа спорт түрлері бар ғой?!" 


Турнир соңында балалардың барлығы бірдей сыйлықтармен марапатталып, үлгілі ойындары үшін ұйымдастырушылардың алғысына ие болды.

Massaget.kz