GGG әр жекпе-жегі үшін қанша табыс табады?

GGG әр жекпе-жегі үшін қанша табыс табады?
Фото: prosports.kz

Қазақстандық әлем чемпионы Геннадий Головкин әлемдегі ең табысты боксшылардың бірі, деп жазады prosports.kz сайты.

Отандасымыз 2014 жылдан бері өткізген 9 жекпе-жегінен 40 миллион долларға жуық табыс тапқан.

Головкиннің 2014 жылыға дейін шаршы алаңға шыққаны үшін алатын сыйақысы айтарлықтай жоғары емес болатын. Мәселен, GGG 2013 жылы америкалық Габриэль Росадомен болған жекпе-жекте 350 мың доллар тапқан. Сол жылы ирландиялық Матью Маклинмен кездескен кезде де 350 мың доллар табысқа ие болған.

Арада бір жыл өткен соң отандасымыздың табысы көрнекті түрде жоғарлады. Атап айтар болсақ, 2014 жылдың шілдесінде аустралиялық Даниель Гилмен жұдырықтасқаны үшін 750 мың доллар, қазанда мексикалық Рубиомен рингке шыққаны үшін 900 мың доллар табыс тапты.

Ал Геннадий үшін ең табысты жекпе-жек Сауль Альвареспен өткені сөзсіз. Өткен жылдың қыркүйек айында өткен кездесу үшін қазақстандыққа 25 млн доллар төленді.

Шетелдік ақпарат құралдары Головкин Мартиросянмен кездесуінде 2 миллион доллар алады деп болжап отыр. Бұл жекпе-жек 5 мамыр күні Карсон-Ситидегі (Калифорния, АҚШ) Stubhub Center стадионында өтеді.

Т. Раушанұлы