Еуропа лигасына "Ордабасының" орнына "Тобыл" қатысады

Еуропа лигасына "Ордабасының" орнына "Тобыл" қатысады
Фото: Vesti.kz

Футболдан 2018/2019 жылғы маусымдағы еурокубокта ел намысын қорғайтын командалар сертификат алды. Ал Еуропа лигасына қатысуы тиіс болған "Ордабасының" орнын "Тобыл" басты. Бұл жайында Қазақстан футбол федерациясы хабарлады.

"Астана", "Қайрат" пен "Ертіс" командаларының еурокубок жарыстарына қатысуына сертификат берілді. Ал шымкенттік команда қаржылық ережені бұзғаны үшін Еуропа лигасына қатыса алмайды. "Ордабасы" "УЕФА клубтық турнирлеріне қатысу үшін қаржылық фэйр-плэй және футбол клубтарын сертификациялау ережесінің" қаржылық талаптарын сақтамаған.

Еурокубокқа төртінші команда болып Қостанайдың "Тобылы" (2017 жылғы премьер-лига ойындарының қорытындысы бойынша) қатысатын болады. Бұл командада қаржылық қиындықтар болмаған.

Ө. Сансызбай