11 жасар қазақ қызы джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

О Сансызбай Корреспондент
11 жасар қазақ қызы джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Фото ©️ Qazaqstan Top Team

Абу-Дабиде жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге қазақ елінен де бір топ спортшы аттанған болатын.

БӨЛІСУ

Чемпионаттың бірінші күні еліміздің "Qazaqstan Top Team" командасының спортшылары, бапкер Нұрсұлтан Орынбасаровтың шәкірті Жібек Құлымбетова мен Алина Махамбет сайысқа түсті. 32 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жібек шешуші белдесуде араб спортшысымен шығып, ауырту тәсілін жасау арқылы жеңіске жетті. Жас спортшы боз кілемге шыққан сәттен бастап-ақ айқын басымдылық танытты. Аталған әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасының қоржынына түскен алғашқы алтын да осы болды. Ал, Алина Махамбет (36 келі) жартылай финалда БАӘ спортшысымен кездесіп, жүлдеді 3-ші орынға ие болды. Сондай-ақ, 13 жасар Бекзат Жаманбай (45 келі) 23 сәуір күні өткен жарыста жақсы күрес көрсетіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Бұл әлем біріншілігінің жасөспірімдер категориясында өнер көрсеткен "Сағадат батыр" спорт клубының шәкірттері жеткен жетістік.

Айта кету керек, 11 жасар Жібек Құлымбетова джиу-джитсумен айналысқанына 1 жыл болған. Ол, Алматы облысында орналасқан "Сағадат батыр" спорт клубында жаттығады. Жас спортшы бұған дейін талай республикалық, халықаралық жарыстарда жүлдегер атанып келеді.

- Абу-Дабиге келгендегі басты мақсатымыз, әлем чемпионатында жеңіске жетіп, Еліміздің көк байрағын желбірету болды. Шәкірттерімді оңайлықпен келген медальға үйреткім келмейді, - дейді бапкер Нұрсұлтан Орынбасаров. 

Ел абыройын үстем еткен спортшылар бүгін елімізге оралады. Ал ерлер мен ересектер арасындағы жарыстар 28 сәуірге дейін жалғасады.

"Qazaqstan Top Team"
баспасөз қызметі