Геннадий Головкиннің 5 мамырға жоспарланған жекпе-жегі өтпеуі мүмкін

Геннадий Головкиннің 5 мамырға жоспарланған жекпе-жегі өтпеуі мүмкін
Фото: Геннадий GGG Головкин (vk.com)

Орта салмақта WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжымдары бойынша әлем чемпионы атағына ие отандасымыз Геннадий Головкиннің 5 мамырға жоспарланған кездесуі өтпеуі мүмкін. Бұл туралы Boxingscene.com порталы хабарлады. 

Басылым ақпараты бойынша қазақстандық боксшының кездесуі түрлі себептерге байланысты өтпей қалуы мүмкін. Біріншіден, мексикалық Сауль "Канело" Альварестің орнын басатын қарсылас табу барысында біраз қиындықтар туындап тұр. Екіншіден, жекпе-жекті ұйымдастыру үшін бар болғаны бір айға жетер жетпес уақыт қалды. Оның үстіне кездесуді Лас-Вегастан Лос-Анджелес қаласына ауыстыруы да мүмкін. Ұйымдастырушылар тоғыз мың жанкүйерге арналған StubHub Center спорт кешенінің билеттерін сатуға үлгере алмайтын көрінеді.

Сонымен қатар жағдайды IBF ұйымы да қиындатып тұр. Геннадий Головкин бұл белбеуін Сергей Деревянченкоға қарсы кездесуден қорғауы керек. Украиналық боксшының командасы Альварестің орнына кездесуді ұйымдастырып беру туралы өтініш білдірген.

Қазақстандық боксшы IBF белбеуін соңғы рет 2016 жылы Доминик Уэйдқа қарсы қорғаған болатын. Бірақ Головкиннің промоутері Том Леффлер IBF ұйымымен келісімге келе алмады.

Ө. Сансызбай