Чиншанло Қазақстанға оралды

Чиншанло Қазақстанға оралды

Ауыр атлетикадан Лондон төрінде топ жарған  Зулфия Чиншанло 27 қазан күні Бейжің-Алматы бағыты бойынша Қазақстанға келді. Оны таңғы бес шамасында жеке бапкері Виктор Ни Алматы әуежайынан күтіп алды. Айта кетейік, 23 қазан күні «аспан асты» елінің «Sohu.com» атты ақпараттық сайты Зулфия Чиншанлоның Қытайға қайта оралып, 2016 жылғы Олимпиадаға Қытайдың атынан шығуға ниетті екендігін жазған еді. Содан кейін, Қазақстанда біраз шу көтерілгені болатын. Еліміздің ауыр атлетика федерациясы «бұл әңгіме жалған» деп кесіп айтқаны тағы бар. Бірақ, Қытай жерінде Зулфия төлқұжат алу үшін суретке түскен фотоларды көргеннен соң, еліміздің спортсүйер қауымы Чиншанлоның елімізде қалуына күмәнмен қараған-ды. Олимпиада чемпионы Алматыға келеді дегенді естіген БАҚ өкілдері Чиншанлоны әуежайдан күтіп алып, қытайлық сайттардағы жазылған жайттар жайлы толыққанды білмек болған. Алайда чемпион қыз «ұзақ жолдан шаршадым» деп сұхбат беруден бас тартты. Жеке  бапкері Виктор Ни де "Бұл әңгімелердің бәрі де жалған", - деп, сұхбаттан ат-тонын ала қашты. Енді алдағы аптада Зулфия Чиншанло мен жеке бапкері Виктор Ни қазақстандық БАҚ өкілдерін жинап, жағдайдың бәрін түсіндіріп, бұл айқай-шуға нүкте қоймақ. 

Суреттер:megapolis.kz

Дайындаған: Уалихан Қосанбай