Садриддин Ахмедовтің кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы анықталды

О Сансызбай Корреспондент
Садриддин Ахмедовтің кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы анықталды
Фото ©️ Flickr

Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедовтің кәсіпқой бокстағы алғашқы қарсыласы белгілі болды. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне боксшының менеджері Анна Рева айта кетті.

БӨЛІСУ

- Жекпе-жек 7 сәуір күні Квебекте (Канада) өтеді. Жас мексикалық боксшы Вальдо Рохаспен жұдырықтасады. Садриддин жаттықтырушысымен бірге қарсыласының қарымын байқап көрді. Промоутерімен келіссөз жүргізіп қойдық. Барлығы келісті.

Мен Садриддинге алғашқы жекпе-жегін мамыр айында өткізуін өтінгенмін. Бірақ ол шаршы алаңға шығуға асығып жүр. Садриддин кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегіне шығатынына өте қуанып жүр. Өзге боксшылар секілді оған да бар көмегімізді тигізіп, қамқор боламыз, - деді Анна Рева.

20 жастағы мексикалық боксшы кәсіпқой бокста 7 жекпе-жек өткізіп үлгерген. 4 рет жеңіске жетіп, 2 рет жеңілген. 1 кездесуін тең аяқтаған.

Садриддин Ахмедов 2016 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанды. Қазақстан құрамасы сапында талай халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінді. Кейіннен кәсіпқой боксқа ауысып, таяуда ғана Канаданың  Eye of the Tiger Managament промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қойды. Бұл компанияда Садриддиннен өзге Батыр Жүкембаев,  Абылайхан Хұсайнов және Нұрзат Сабыров сынды боксшылар бар.