"Барселона" Қазақстан құрамасының ойыншысымен келіссөз жүргізуде

"Барселона" Қазақстан құрамасының ойыншысымен келіссөз жүргізуде
Фото: uefa.com

Испанияның "Барселона" футзал клубы Алматының "Қайратында" ойнайтын Қазақстан құрамасының ойыншысы Дуглас Жуниормен келіссөз жүргізуде. Бұл туралы Испанияның Marca басылымына сілтеме жасап, Vesti.kz сайты хабарлады.

Ойыншының каталондық клубқа ауысуына екі кедергі болуы мүмкін. Дуглас "Қайратпен "2023 жылға дейін келісімшартқа қол қойған. Өзге команда алғысы келсе 500 мың доллар төлеулері қажет.

Қазақстандық ойыншыға "Барселонадан" өзге Испанияның тағы бір клубы "Интер Мовистар" мен Португалияның "Спортинг" командалары да қызығушылық танытуда.

TV3 телеарнасы "Барселона" ойыншыны алу үшін "Қайратқа" алғашқы ұсыныстарын жасап үлгергенін де хабарлады. Ал ойыншының өзі мансабын Испанияда жалғастыруға ниетті.

29 жастағы ойыншы 2014 жылдан бері "Қайратта" ойнап келеді. Алматылық команда сапында УЕФА кубогы, әлем Суперкубогы мен Еременко кубогын екі рет жеңіп алды. 2015 жылы Қазақстан құрамасы сапындағы алғашқы ойынын өткізді. Ұлттық құрама сапында 2016 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Әлем чемпионатында ойнады. 2018 жылғы Еуропа чемпионатында үздік ойыншылардың бірі болды.

Айта кетейік, "Барселонада" қазір 2012-2013 жылдары "Қайратта" ойнаған Лео Сантана ойнайды. Ол алматылық команда қатарында жүріп УЕФА кубогын иеленген ойыншылардың бірі.

Ө. Сансызбай