Премьер-лига. Төрт команданың ұпайы түгел

Премьер-лига. Төрт команданың ұпайы түгел
Фото: "Қайрат" ФК

Футболдан ел премьер-лигасының ІІ тур ойындары аяқталды. Бүгін өткен кездесулер қорытындысы бойынша төрт команданың ұпай түгел келеді.

Өткен маусымда ел чемпионы атанған "Астана" Талдықорғанда "Жетісуді" 2:0 есебімен ұтты. Елордалық команда сапынан Патрик Твумаси мен Алексей Щеткин гол соқты.

"Қайрат" өз алаңында "Атыраудан" айласын асырды. Алматылық ұжым да 2:0 есебімен жеңіске жетті. Уго Сильвейра мен Ян Вороговский бір-бір голдан соқты.

Шымкентте "Ордабасы" Петропавлдың "Қызылжар" клубын ұтты. Бірінші таймда қонақтар есепте бір доп басымдығымен ұтып шыққан. Екінші таймда алаң иелері сапынан Абдуллай Диакате пенальтиден таразы басын теңестірді. Ал 66 минутта Георгий Попхадзенің автоголы алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

Екі турдағы ойындарын да өз алаңында өткізген "Ертістің" де ұпайы түгел. Павлодарлық команда бұл турда "Ақтөбенің" жастарын 2:1 есебімен ұтты. Бірінші турда сенсация жасаған "Ақтөбе" командасы "Ертіс" қақпасына бірінші болып гол соққан. Асланбек Кәкімовтің пенальтиден соққан голына 15 минутта Илья Калинин жауап қайырды. Ал 35 минутта қонақтар қақпасына пенальти белгіленді. Фуад Салами 11 метрден соққы жасауда шатасқан жоқ.

Қостанайдың "Тобыл" командасы өз алаңында Қарағандының "Шахтер" клубына ұтылды. 57 минутта Артурас Жулпа допты жайсыз қайтарып, өз қақпасына енгізіп алды.

Жаңа маусымдағы алғашқы тең есеп Қызылордада тіркелді. "Қайсар" Оралдың "Ақжайығымен" 1:1 есебімен тең түсті. Алаң иелері сапынан Матиас Курьор, қонақтар қатарынан Еркебұлан Нұрғалиев гол соқты.

Ө. Сансызбай