Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан барлық команда белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент
Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан барлық команда белгілі болды
Фото ©️ AS English

Футболдан Еуропаның клубтар арасындағы басты бәсекесі саналатын Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан барлық команда белгілі болды.

БӨЛІСУ

1/8 финалдағы соңғы ойындарда "Бавария" (Германия) сырт алаңда "Бешикташты" (Түркия) 3:1 есебімен ұтты. Қос ойын қорытындысы бойынша алсақ, мюнхендік команда бет қаратқан жоқ. Есеп 8:1.

Каталондық "Барселона" Лондонда "Челсимен" тең түсіп, өз алаңында қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойында Лионель Месси дубль жасаса, Усман Дембеле "блауграна" сапындағы алғашқы голын соқты. Сондай-ақ аргентиналық сұрмергеннің Чемпиондар лигасында соққан голдар саны 100-ге жетті.

Сонымен ширек финалға шыққан 8 команда анықталды. Олар: "Барселона", "Реал" және "Севилья" (үшеуі де – Испания), "Ливерпуль" және "Манчестер Сити" (екеуі де – Англия), "Рома" және "Ювентус" (Италия), "Бавария" (Германия) командалары.

"Манчестер Юнайтед", "Тоттенхэм" және "Челси" (үшеуі де - Англия), "Порту" (Португалия), "Шахтер" (Украина), "Бешикташ" (Түркия), ПСЖ (Франция) және "Базель" (Швейцария) командалары жарысты 1/8 финалда аяқтады.

Чемпиондар лигасы ширек финалының жеребесі 16 наурыз күні өтеді. Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады. Бұл кезеңде бір елдің командалары да бір-біріне қарсылас атана береді. Алғашқы ойындар 3-4 сәуір күні, қарымта кездесулері араға бір апта салып өтеді.