ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары аяқталды

ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары аяқталды
Фото: Данияр Майлыбаев

16 күнге созылған ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары да аяқталды. Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен додада Қазақстан құрамасы бір қола медальмен жалпы есепте жүлде иеленген елдер қатарында 28-орыннан көрінді.

Ақ Олимпиаданың жабылу салтанатына Қазақстан құрамасы да қатысты. Сондай-ақ шаңғы спортынан ерлер мен әйелдер арасында марафон жарысының жүлдегерлері медаль және естелік сыйлықтарымен марапатталды.

Олимпиаданың ресми түрде жабылғаны жайлы ХОК басшысы Томас Бах хабарлады. Келесі төртжылдықтың басты додасы 2022 жылы Бейжіңде (Қытай) өтеді.

Жалпыкомандалық есепте 14 алтын 14 күміс 11 қола медаль еншілеген Норвегия құрамасы бірінші орын алды. Екінші орынға Германия құрамасы (14 алтын 10 күміс 7 қола) ие болса, үздік үштікті Канада құрамасы (11 алтын 8 күміс 10 қола) түйіндеді.

Айта кетейік, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындарына 92 елден 2922 спортшы қатысты. 15 спорттық сайыс түрінен 102 медаль жиынтығын сарапқа салды.





Ө. Сансызбай