"Арландар" ресейлік командаға қарсы шығатын құрамын жариялады

"Арландар" ресейлік командаға қарсы шығатын құрамын жариялады
Фото: Astana Arlans (vk.com желісі)

Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) бақ сынайтын "Astana Arlans" командасы жаңа маусымдағы екінші кездесуін 24 ақпан күні Щучинскіде Ресейдің "Patriot Boxing Team" командасына қарсы өткізеді. Қос команда шаршы алаңға шығатын боксшылар құрамын жариялап үлгерді.

Қазақстандық клуб Үндістанның "Indian Tigers", Ресейдің "Patriot Boxing Team" және Қытайдың "China Dragons" командаларымен бір топта. Қазақ боксшылары топтағы бірінші кездесуді 10 ақпан күні Қарағандыда үнді боксшыларына қарсы өткізіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Ресейлік клуб Щучинскіде топтағы алғашқы кездесуін өткізеді. "Жақсы-2" спорт кешенінде өтетін бокс кешінде С1 дәрежесіндегі боксшылар шаршы алаңға шығады. Тікелей эфирде "Хабар" арнасы көрсетеді.

"Astana Arlans" пен "Patriot Boxing Team" командалары осы жоба аясында жиі кездесіп келеді. Өткен маусымда да бір топта болып, екі кездесуде де қазақ боксшылары жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ ширек финалда қайта жолығып, ол кезде де отандастарымыз қарсыластарынан қарымды шыққан еді.

Айта кетейік, биыл WSB жобасының 8-ші маусымы басталды. "Astana Arlans" – осы додада ең көп жеңіске жетіп, 3 рет чемпиондық атаққа (2013, 2015, 2017) қол жеткізген бірден-бір команда.

Ө. Сансызбай