Қанат Ислам танымал менеджермен келісімшартқа қол қойды

Қанат Ислам танымал менеджермен келісімшартқа қол қойды
Фото: vesti.kz, RingSide24

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам танымал америкалық менеджер Эгис Климаспен келісімшартқа қол қойды. Америкалық маман (тегі литвалық) 2017 жылы The Ring журналы нұсқасы бойынша үздік менеджер атанған, - деп жазады Vesti.kz.

Қанат Ислам 2011 жылдан бері кәсіпқой бокста қазақ елінің атынан бақ сынап келеді. Ал оған дейін Қытай елінде жүріп Олимпиада ойындарының (2008 ж) және әлем чемпионатының (2007 ж) қола жүлдегері атанды.

Эгис Климас танымал боксшылардың талайымен келісімшарттағы менеджер. Онымен келісімде Сергей Ковалев (31-2-1, 27 КО), Василий Ломаченко (10-1, 8 КО), Александр Усик (14-0, 11 КО) бар. Бұлардан өзге қазақстандық боксшылар Мадияр Әшкеев, Асхат Уәлиханов пен Мейірім Нұрсұлтанов та осы маманмен бірге жұмыс жасайды. 

Қазіргі таңда Қанат Ислам бірінші орта салмақта Бүкіләлемдік бокс ассоциациясының (WBA) рейтингінде көш бастап тұр. Өткен жылдың қараша айында бұл ұйым қазақстандыққа чемпиондық титулға міндетті үміткермен жекпе-жек тағайындаған болатын. Оның қарсыласы америкалық Джон Вера (18-0, 11 КО) болуы керек еді. Тараптар келіссөз жүргізген, бірақ америкалық боксшысының командасы Қанат Ислам жекпе-жектен бас тартты деген хабар таратты. Нәтижесінде 24 ақпанда Вера француз Мишель Соромен (31-2-1, 30 КО) кездесетін болды.

Қанат Ислам соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Кукты (18-1, 11 КО) тоғызыншы раундта техникалық нокаутпен жеңген еді. Осылайша отандасымыз WBO NABO және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін сақтап қалған-ды.

Ө. Сансызбай