Балуан Шолақ

 Баймырзаұлы Балуан Шолақ 1864 жылы қазіргі Көкшетау облысына қарасты Еңбекші ауданында дүниеге келген. Балуан Шолақ жауырыны жерге тимеген балуан, бүкіл қазақ даласына есімі кең тараған сазгер. Бала кезінде саусағын үсітіп алғандықтан, ел оны еркелетіп «Балуан Шолақ» деп атап кеткен. Ал азан шақырылып қойған аты – Нұрмағанбет. Нұрмағанбеттің шыққан тегі  Ұлы жүздің Дулат тайпасындағы Сәмбет руы. Нұрмағанбеттің аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударып, өмірлерінің соңғы күндеріне дейін сол жерде тіршілік еткен. Балуан Шолақ та атығай, қарауыл рулары қоныстанған Көкшетау өңірінде өмір сүреді. Балуан Шолақтың әкесі Баймырза ағаш шебері, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған деседі.  «Алып - анадан» деп бекер айтылмаса керек. Балуан Шолақ та шешесіне тартып, алып денелі батыр болған. Балуан 14 жасынан бастап күресті ермек етіп, ат қуып, шауып келе жатқан тұлпардың үстінде адам сенгісіз жаттығуларды шебер орындаған. Ат үстінде тігінен не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, аяғын үзеңгіге қыстырып, жатып шабуы батырдың тұла бойындағы қара күшті айқындайды. Түрлі жиындарға қатысып, 51 пұт қара тасты көтеріп, жиналған қалың жұрттың таңдайын қақтырған балуан  35 жасында орыс балуаны Иван Коренмен бақ сынасып, оның қабырғасын сындырады. 

 Бұған қоса, Балуан Шолақ бала кезінен ән-күйге құмар болған. Уақыт өте келе жас балуан бұл екі өнерді  өз бойында қатар дамытқан.  Батырға өмір берген Баймырза мен Қалампыр қайтыс болғаннан кейін, Нұрмағанбет өз өмірін Ғаникей деген қызбен байланыстырып, қасына әнші-күйші, палуандарды, өнерлі жастарды жинап алып, ел аралап, салдық құрады.  Балуан Шолақ Біржан салды ұстаз көріп, Ақан серінің әндерін тамаша орындаған. Бұл кісілілердің шеберліктерін берік ұстанып, уақыт өте келе өзі де ән шығара бастаған. Батырымыз қазақтың әншілік өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосып, жарыққа теңдесі жоқ туындыларды әкелген. Әнші-сазгер Көкшетау, Қараөткел, Қарқаралы, Сарысу маңындағы барлық елді-мекендерді аралап, қазақ өлеңдерін бүкіл өлкеге таратқан.

 Балуан Шолақтың ән-өлеңдері

"Баласы Баймырзаның Балуан Шолақ, Оң колым отқа күйіп болдым олақ", — деп жырлап, "Шолақ" атанған ақын қысқа ғұмырында ауыздан-ауызға тарап, марапат пен мадақтан кенде қалмады.

                                                  Бұл күнде отыз бесте менің жасым, 
                                                  Қамалдың бұзып жүрмін тау мен тасын. 
                                                  Кешегі сентябрьдің базарында,
                                                  Көтердім елу бір пұт кірдің тасын... - дейді ол "Сентябрь" өлеңінде.

Балуан Шолақтың көптеген асыл туындылары  Ғалия сұлудың арқасында өмірге келді. Сұлуды құлай сүйге ақын:  

                                                   Үш жүзге атым шыққан алуан Шолақ,

                                                    Денеме тегіс біткен күш пенен бақ.

                                                    Көргенде сұлу әйел есім қалмас,

                                                    Жігіттің бойындағы күнәм сол-ақ. - деп ағынан жарылады. Ғалия да Балуанды ұнатады. Дегенмен, екі ғашық өмір айдынында бірге жүзе алмады...

Жалған жаламен абақтыға жабылғанда ақынды  сүйген жанға деген сағыныш дерті дендеп, қарс айрылған көкірегінен әдемі жырлар төгілген.

                                                  Айым да — сен,
                                                  Ғалия, күнім де — сен,
                                                  Оң қабағым тартады күлімдесең.
                                                  Менің көңілім Ғалия дуалансын,
                                                  Ауған түйе секілді бейімдесең.
                                                  Қара өткелде Ғалия сен емес пе ең, 
                                                  Бүл Арқаның шортаны мен емес пе ем.
                                                  Сүмбіл шаш, құралай көз,Ғалияжан,
                                                  Ынтығымды құрытқан сен емес пе ең?

Музыка саласында аянбай еңбек еткен А.В Затаевич батырымыздың бірнеше өлеңдерін жинап,  «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты жинақтарына қосады.

 Сарыарқаны сазды әуенімен тербетіп, алып күшімен көз сүйсіндірген сері, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы Өзектісайда қайтыс болды.

Сурет baiolke.com сайтынан алынған