Қазақстандық шаңғышылардың 15 шақырымдағы ең үздік нәтижесі 54-орын болды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық шаңғышылардың 15 шақырымдағы ең үздік нәтижесі 54-орын болды
Фото ©️ Данияр Майлыбаев

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ерлер арасында шаңғы спортынан еркін стильде 15 шақырымдық жарыстар аяқталды.

БӨЛІСУ

Бұл сайыста Қазақстан намысын Денис Волотко, Виталий Пухкало және Евгений Величко қорғады. Ал құрамамыздың көшбасшысы Алексей Полтораниннің бұл сынға қатыспайтыны әу баста белгілі болған. Ол 50 шақырымдық классикалық жарысқа дайындалуда.

Отандастарымыздың арасында 11 нөмірмен бірінші болып жарыс жолына Пухкало, содан соң Величко 17, ал Волотко болса 59 болып шықты. Жалпы бұл жарысқа 119 спортшы қатысты.

Жарыстың қорытындысы бойынша алтын жүлдені атақты швейцариялық Дарио Колонья жеңіп алды. Ол жарыс жолын 33:43.9 уақытта жүріп өтті. Осылайша Колонья Олимпиада ойындарындағы төртінші алтын жүлдесін иеленді.

Екінші орынды норвег Симен Хегстад Крюгер (34:02.2) алса, үздік үштікті Ресейдің Олимпиада құраманың спортшысы Денис Спицов (34:06.9) түйіндеді.

Қазақстандық спортшылар арасындағы үздік нәтижені Виталий Пухкало (36:57.4) көрсетті. Дегенмен оның өзі 54-орынға жайғасты. Ал Евгений Величко (37:28.6) 61-ші, Денис Волотко (37:39.8) 64-орынға тұрақтады.