Қазақстандық шорт-трекшілер жартылай финалға шыға алмады

Қазақстандық шорт-трекшілер жартылай финалға шыға алмады
Фото: zimbio.com

Қазақстандық шорт-трекшілер Нұрберген Жұмағазиев, Денис Никиша мен Анастасия Крестова жартылай финалға шыға алмады.

Ерлер арасындағы 1500 метрлік жарыс жолында Нұрбергеннің жартылай финалға шығуына зор мүмкіндігі болған. Қазақстандық спортшы соңғы айналым алдындағы бұрылыста сәтсіз қимыл жасап, жығылып қалды. Отандасымыз жоғары қарқынмен екінші орында келе жатқан болатын.

- Мұз айдынның ойылған тұсын аңғармай қалдым. Шорт-тректе мұндай болып тұрады. Соңғы айналым еді. Әр айналым сайын айдынның сапасы нашарлайды.

Алда 500 м, 1000 м мен 5 000 метрлік жарыстар бар. Барлығында жақсы өнер көрсетуге тырысамын. Маған барлық қашықтықтар ұнайды. Барлығы алда деп білемін. Қолдауға келген және Қазақстандағы жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Осылай болып қалды. Спортта мұндай жағдайлар болып тұрады, - деді Нұрберген Vesti.kz тілшісіне берген шағын сұхбатында.

Денис Никиша төртінші болып келіп, жартылай финалға өтпеді. Сондай-ақ қыздар арасындағы 500 метрлік сында Анастасия Крестова үздіктер қатарына іліге алмады. 

Шорт-тректен бүгін ерлер арасындағы жарыстың жеңімпаздары анықталады. Ал қыздар арасындағы 500 метрлік сынның жүлдегерлері 13 ақпанда белгілі болады. Сондай-ақ сол күні ерлер арасында 1000 метрлік сайысты өтеді. 

Ө. Сансызбай