Пьер Эмерик Обамеянг "Арсеналға" ауысты

Пьер Эмерик Обамеянг "Арсеналға" ауысты
Фото: arsenal.com

Габондық футболшы Пьер Эмерик Обамеянг дортмундтық "Боруссиядан" Лондонның "Арсенал" командасына ауысты. Бұл туралы канонирлердің ресми сайты хабарлады.

Футболшы мен клуб басшылығы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойған. Нақты мерзімі жайлы ақпарат жарияланған жоқ.

"Арсенал" өз тарихындағы ең қымбат ойыншысын қатарларына қосып отыр. Бейресми деректер бойынша лондондық клуб "Боруссияға" 60 миллион еуро және қосымша сыйақы беретін болады.

28 жастағы шабуылшы дортмундтық клуб сапында 2013 жылдан бері ойнап келді. 213 ойынға қатысып, 172 гол соққан. Ол – Габон ұлттық құрамасының капитаны. 2015 жылы Африка құрлығының үздік ойыншысы атанды.

"Арсеналда" футболшының қанша жалақы алатыны мен қандай нөмірлі жейдеде алаңға шығатыны ресми түрде хабарланған жоқ.

Айта кетейік, осыған дейін "канонирлер" Алексис Санческе Генрих Мхитарянды алмастырған болатын. Армян ойыншысы мен Обамеянг "Боруссияда" бірге ойнаған футболшылар.

Ө. Сансызбай