Головкин мен Альварес арасында үшінші кездесу өтеді ме?

Головкин мен Альварес арасында үшінші кездесу өтеді ме?
Фото: Геннадий GGG Головкин (vk.com)

"Golden Boy Promotions" промоутерлік компаниясының негізін қалаушы Оскар Де Ла Хойя орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (37-0-1, 33 КО) арасындағы үшінші кездесу туралы пікірін білдірді.

Головкин мен "Канело" арасындағы екінші кездесудің өтетіні туралы бүгін белгілі болды. Жекпе-жек 5 мамыр күні өтеді. Кездесуді НВО арнасы ақылы жүйе (PPV) арқылы тікелей эфирде көрсетеді. Бірақ жекпе-жектің қай жерде өтетіні әзірге белгісіз.

- Біз көптен бері мұндай жекпе-жекті көрген жоқпыз. Бұл кездесуде орта салмақтың ең мықты екі боксшысы кездеседі. Бәріміз уайымдап отырмыз. Бокс дегеніміз де осы. Головкин мен "Канело" кездесуі тағы да жылдың үздік жекпе-жегі болады", - дейді Де Ла Хойя The Desert Sun басылымына берген сұхбатында.

Сондай-ақ "Канелоның" промоутері келісімшартта үшінші кездесу туралы келісім жоқ екенін айтты. Дегенмен де Де Ла Хойя үшінші кездесудің болып қалуы мүмкін екенін де жасырмады.

- Бірінші жекпе-жек тең аяқталды. Енді екінші кездесуде жеңілген боксшы міндетті түрде кек қайтарғысы келеді. Сондықтан да Головкин мен "Канело" арасындағы үшінші кездесу өтуі әбден мүмкін", - дейді ол.

Бұған дейін Оскар Де ла Хойя екінші кездесуден қанша табыс түсетіні туралы айтқан болатын. Промоутердің жоспары бойынша, екінші кездесудегі табыс бірінші кездесуге қарағанда үш есе көп болатын көрінеді.

Еске салайық, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы кездесу 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен болатын. Төрешілер шешімі бойынша боксшылар тең түскен-ді.

Ө. Сансызбай